Печать
Просмотров: 396

Бүгінде Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында 10 462 адам диспансерлік бақылауда тұрса, соның 5 864-і ер-азаматтар. Қыз-келін­шек­терге қарағанда, жігіттердің басына жиі зақым келеді, жол апатынан, спорттық жаттығулар мен сайыстарда соққы алады десек те, бұл деректің жоғары болуының өзге қырлары да бар. Сіркесі су көтермей, ұйқысы қашқан еркектерді есеңгіреткен аурудың емі бар ма? Осы және басқа да сауалдарға Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар РАХМЕНШЕЕВ жауап берді.

Айнаш ЕСАЛЫ

– Біздің орталықтың негізгі қыз­меті – жүйкесі сыр берген қала тұр­ғын­дарына ­сапалы психологиялық және психатриялық тұрғыда көмек беру. 2017 жылдан бері интеграциялық-психа­­т­рия­лық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында орталық мамандары қа­­ладағы аудандық емханалардың құра­мында отыр. Бұл не деген сөз? Бұрын адамдар Психатриялық орталыққа келуге намыстанатын, қорқатын. Денсаулығы мазалап жүрсе де бізге келуге жүректері да­уалай бермейтін. Осындай теріс көз­­қарасты жойып әрі пациенттерді ма­мандарға жақындата түсу үшін дәрі­гер­лерімізді қалалық емханаларға жі­бер­дік. Нәтижесінде, психиатрларға жү­гі­нетіндер көбейді. Бұл бастама біздің ма­мандарға деген сенімді күшейтті, бө­гетті азайта бастады. Мәселен, қазірдің өзін­де орталықта 10 462 науқас адам дис­пан­серлік бақылауда тұр. Оны диагнозы бо­йынша жіктейтін болсақ, бірінші орын­да – шизофрения, екінші орында – ақыл-естің кемдігі, үшінші орынға мидың орга­ни­калық зақымдалуы жайғасады.

– Органикалық зақымдалу деге­ніңіз не?

– Бұл көбінесе спортпен шұғыл­дан­ғанда, жол-көлік апатында, төбелесте ба­сынан зақым алғандар. Миына органи­калық зақым келген науқастар құлан-таза айығып кете ме деген сауалдар қойылады. Бірінші, бұл аурудың түріне, екінші, қай деңгейде зақым алғанына және сапалы емделуіне байланысты. Әрине, диспансерлік есепте тұрған науқастарға амбулаторлық деңгейде берілетін тегін, өте қымбат, заманға сай дәрі-дәрмектер бар. Егер осы препараттарды уақтылы қабылдап отырса, кесел асқынбайды.

Өкінішке қарай, мынадай жағдайлар да болады. Науқас ауруханада ай бойы жатып, емделіп шыққаннан кейін екі аптадан кейін қайта түседі. Неге? Өйткені, олар амбулаторлық жағдайда берілетін дәрілерді үйде ішпейді. Ауруханада қабылдаған емнің күші 2-3 аптаға жетеді, толық емделмей жатып, емді жарты жолдан тоқтатады, кеселдің өршу кезеңіне душар болады. Мұндай науқастар ата-ана, жақындарына бой бермейді, тың­дамайды. Оның ішінде туа бітті жүйке аурулары да бар. Біз үйде препараттар қабылдауды бақылауды ата-анасына жүк­тейміз. Препараттар қабылдауды тоқтату жүйкеге қайта салмақ салып, ұйқы бұзы­лады, құлақтарына дауыс, көздеріне елес келеді. Содан арнаулы бригада науқасты қайта алып келіп, ауруханаға жатқызуға мәжбүр болады.

– Сапар Құттыбайұлы, қазіргінің адамы күйзеліске жиі ұшырайды. Сап-сау адамның өзі әбден торыға келе түрлі жүйке кеселдеріне шалдыққанын көріп жүрміз. «Стресс», «депрессия» терминдері тым көп қолданылады. Ар­найы мамандарға жүгінудің алғашқы белгілері қандай?

– Кез келген күйзеліс салдарындағы ауытқулардың бәрі психикалық созыл­малы кеселге душар етпейтінін түсінген жөн. Мәселен, психологиялық соққының әсерінен адам­да күйзеліс басталады. Жұмыста, үй­де болған ауыр жағдайдан адамның то­рығуынан ұйқысы бұзы­лады, сіркесі су көтермейді, тә­беті қа­шады және жұртпен араласуды тоқта­та­ды. Осын­дай кезде бізге келе­тін пациент­тер бар. Алайда дәрігерге қарал­май­тын­­дар, өзіне көңіл бөлмегендер бұл уақыт­­ша дегенге алданады. Бұл асқы­на ке­ле ұйқы мен тәбеттің қашуына алып келеді. Невроздар пайда болады. Алғаш­қы белгілері – бұ­рын жақсы танып, араласып жүрген адам айналадағылардан қашқақтап, тұ­йықталып, ашуланшақ бола бастайды. Тез салмақ жоғалтып, жүдеп кетеді. Осы кезден бастап алаңдай бастаған жөн.

– Кейінгі кезде сізді көбірек ойлан­татын жағдайлар қандай? Демен­ция, яғни жасына жетпей алжу, есте сақтау қа­білетінің әлсіреуі туралы не айтасыз?

– Ақыл-естен алжасу 70 жастан асқан­нан кейін ғана пайда бола бастайды деп есептеп келдік. Бұл ауру жасарып келеді. Жуырда 53 жастағы пациентке деменция диагнозы қойылды. Алжуға душар ететін жағдай өте көп. Біріншіден, басынан ауыр жарақат алса, екіншіден алкогольдік ішімдіктер мен есірткі қол­­данатын болса, сонымен қатар жас­тар ара­сындағы токсикомания, түрлі зат­­ты иіскеу де ақыл-естің кемуіне алып келеді. Шынында, психикалық ауру­лардың жасарып келе жатқаны ойлан­дырады. Интернетке күндіз-түні тел­міру, психикаға әсер ететін қатыгез, жа­уыз ойындар мен ақпараттар жүйке ауру­ларының белең алуына жетелеп отыр. Мәселен, өмірде көп сөйлемейтін, ұял­шақ балалар интернетке кіргеннен бас­тап өзгереді. Қалаған адамымен дос бо­лады, қаламаса, достықтан шығарып, ұнатпағанына ұрсып тастайды. Қысқасы, «виртуалды батыр». Ал мектепте одан момақан адам жоқ. Яғни бір адамның ішінде екі түрлі мінез-құлық отырады. Осының бәрі ғаламтордың жүйкеге кері әсері мен кесірінен болады. Сондықтан ата-аналар балаларына уақтылы көңіл бөлуі керек. Былтыр 2019 жылмен са­лыс­тырғанда Алматыда жүйке аурулары диагнозы қойылған пациенттер 100 адамға көбейді.

– Бұған коронавирустық пандемия­ның әсері тиген болар? Төтенше жағ­дай кезінде қордаланған мәселелер қо­па­рылып түскенін көрдік. Бұл – от­ба­­сындағы зорлық-зомбылық, ал­ко­го­лизм, жақын адамдардың бір-біріне әлім­жеттігі десек болады. Осы келең­сіз­дік жұмыстарыңызда қаншалықты көрініс тапты?

– Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін «Сенім телефоны» бар. Наурыз, сәуір, ма­мыр айларында тұрғындар тарапынан шалынған қоңыраулар көбейді. Екін­шіден, психолог мамандардың көмегіне жүгінгісі келетін адамдардың саны арт­ты. Содан кейін ішімдікке салына бас­тағандардың саны өскені байқалды. Осыдан зәрезап болған әйелдердің кү­йеу­лерінің күнде ішетініне, үйдің бере­кесін алып жатқанына шағымданған қоңыраулары еселене бастады. Ал жолдастары үйде жатқан адамның уақыты өтпейтінін, сыра ішсе алданатын айтып ақталады. «Арақ ішсем, көңілім көтеріліп, барлық мәселені шешіп тастайтын сияқтымын» дейді. Сол сияқты әйелі мен ері арасындағы кикілжің, баласы мен ата-анасы арасындағы түсініспеушіліктер өсті. Өйткені бұрын әке-шеше күндіз-түні жұмыс деп шапқылап жүргенде баласының немен айналысатынына мән беруге мұршасы болмаған. Осындай кезде психолог мамандардан кеңес алуға ұмтылғандар аз болған жоқ. Сонымен қатар, суицид мәселесі де бой көтерді. Орайы келіп тұрғанда мақтанышпен айтқым келеді. Біздің психолог мамандар үш адамның өмірін сақтап қалды. Тіпті 4 баласы бар әйел 7-қабаттан секірер алдында дәрігерлеріміз дұрыс бағытта жұмыс істеді. Кейін бұл адамдар бізде емделіп шықты.

– Орталықта жүйке ауруларын ғы­лыми тұрғыда зерттейтін мамандар бар ма?

– Қазіргі таңда орталық – С.Асфен­дия­ров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина университетінің, Қазақ-орыс меди­цина университетінің, сонымен қатар Үздіксіз медициналық білімді жетілдіру орталығының клиникалық базасы болып есептеледі. Профессорлар, медицина ғы­лымдарының докторлары осында дәріс бере отырып, науқастарды да қарайды. Қазір Қазақ-орыс медицина университетінің кафедраларымен бірігіп, суицидке қарсы зерттеулер жүргіземіз. Келер жылы қорытындысы шығады. Алматыда республикалық дең­гейдегі ғылыми-зерттеулермен айналыса­тын психатриялық, наркологиялық орта­лықтар бар. Бұл орталықтармен де қоян-қолтық жұмыс істейміз.

– Заманына сай жүйке ауруларына шалдыққандарды емдеудің тәсілдері мен баянхаттары өзгерді ме?

– Емдеу хаттамасы ұдайы өзгеріп тұ­рады. Жыл сайын дәрілердің түрлері жаңарады. Мәселен, бір препараттың әсері үш айға, одан да көп уақытқа жетеді. Ұзақ мерзім аралығында жүйкесі тынышталып, үрей, қозу, дауыс, елестен ада болады. Бұрын ондай дәрілер болған жоқ. Бұл – кез келген дәрі-дәрмектің адам ағзасына кері әсерін азайтатын мүмкіндіктері ұлғайды деген сөз.

– Жүйке ауруларына ұшыраған жан­дар қоғамға қаншалықты қауіпті?

– Бұл науқастар алдымен өзіне қауіпті...

– Бұрын психиатр мамандар «Напо­леон», «Сталин», «Ленинді» емдесе, бү­гінгі мамандар қандай ғаламат иеле­рі­мен жұмыс істейді?

– Мұндай жағдайлар сирек. Кейбір науқастар өздері мойындап, «Ұйқым бұзылды, осыдан қорқа бастадым» деп емделуге өз ырқымен келеді. Мысалы, бұ­рын аурулар арасында «Сталинмін», «Чер­чильмін», «Президентпін» дейтіндер болса, қазір «Алланың елшілері» бар. «Мен пайғамбармын, адамдарды емдеуім керек» дейді. Мұндай кезде пациентпен барынша тіл табысып, ашуына тимей емдеуге тырысамыз. Кейін бұл науқастар ақыл-есін жиғаннан кейін «қасиеті кетіп қалғанын» мойындап жатады.

– Отбасындағы «ерекше қабілетке», бөгде мінез-құлыққа ие болған адам­дар­­дың жақындарына қандай кеңес бе­ресіз?

– Ең бастысы, көшеде, үйде болсын жүйке ауруына шалдыққан адаммен бетпе-бет келіп қалсаңыз, оған қарсы келмеу қажет. Ауру қозып тұрғанда оны одан да өршіте түсетін іс-қимыл көрсетіп, ашуын келтіретін әңгіме айтпау керек. Қолында қаруы болып, қауіп төндіретіндей жағдай болса, бірден 102 және 103 телефондарына бірдей хабарлаған жөн. Жуырда қолында пышағы бар жігіттің өтіп бара жатқан адамдарға ұмтылғанын теледидардан көрсетіп жатты. Мұндай кезде оған ақыл айтып, ажыратып, өз бетінше тоқтатудың түбі қайғылы оқиғалармен де аяқталуы ғажап емес. Сондықтан алыс кету керек, ол – науқас адам. Өзіне есеп бере алмайды.

– Жүйке кеселіне ұшыраған жан­дарды кейде жақындары емшілерге сүйреп жүреді...

– Бұл сұрақты да маған жиі қояды. «Дуалапты», «Ішіне жын кіріп кетіпті», «Оқытып тастапты» деген баяғыдан бері естіп келе жатқан сөзіміз. Бірақ медицина мен Ислам діні бір біріне қайшы келмейді. Екеуінің де міндеті адамға кө­мектесу десек те, әр істің өз маманы бо­лады. Қандай жағдайда да әр дерттің өз дә­рігері бар. Сондықтан да алдымен ма­ман­ның кеңесіне жүгініп барып әрекет ету керек.

– Жүйке ауруларына ұшыраған­дар­­дың көпшілігі ер адамдар деген де­­­рек­­тің жай-жапсарын түсіндіре кет­сеңіз.

– Жігіттердің көпшілігі спортпен шұ­ғылданады, үнемі төбелес, алкогольді ішім­дікке үйір, жол апатына да жиі ұшы­райды. Осының бәрі де тікелей әсер ете­ді. Одан бөлек, әйелдерге қарағанда ер адамдар эмоционалды тұрғыдан әл­сіз­деу. Тұрмыстың тауқыметіне қыз-ке­лін­шектер төзімдірек. Оған қоса қиын­шы­лықтардан туындайтын торығу, күйзе­ліс­ті ер адамдар ішімдік, есірткімен бас­у­ға бейім, құмар ойындармен де өзін алда­ғысы келеді.

– Әйелдерге қарағанда ерлер эмо­цио­налды тұрғыда әлсіздеу келеді дейсіз де, маскүнем қыз-келіншектердің кө­бейіп бара жатқанын алға тартасыз?

– Шындығына келсек, ішімдікке үйір әйелдер көп кездеседі. Зерттеп қа­ра­сақ, әрқайсысының алкогольге тә­уел­ді болуының себебі де әртүрлі. Бұл оқи­ғалар бір біріне ұқсамайды. Эмо­­ционалды әлсіздіктен тыс түрлі жағ­дайлар бар. Мен өзім де бірнеше әйел адамды маскүнемдіктен емдедім. Мы­салы, бір пациенттің күйеуі әйелін еш жер­де жұмыс істеткізбейді екен. Өздері бақуатты отбасы. Ері үнемі іссапарда жү­реді. Осындай кезде ол әйел өзін өзі алдап, уақытын өткізу үшін үйіндегі қым­бат ішімдіктерге әуестене бастайды. Со­ңында ішпесе тұра алмайтын жағдайға жет­кен. Күйеулеріне ерегісіп, қо­сыла тәуелді болғандар табылады. Ал ішім­дік уақытша болса да шындықты бүр­кемелеп, көңіл күйді көтергендей бо­лады. Бірақ уақыт өте келе оның сал­дары ауыр болады. Қазір 5 923 адам нар­кологиялық диспансерлік бақылауда болса, соның алкогольге тәуелдісі – 4 448 адам. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға төмендеп отыр.

– Бұл қалай? Өйткені карантин, пандемия кезінде ең өтімді тауардың қатарында арақ пен сыра болғанын несіне жасырамыз?

– Бұлар жасырын пациенттер. Үйінде ақшасын төлеп, қанын тазартып, ине шаншытып емделіп алатындар бұл есепке кірмейді. Өйткені кейбірі қызметінен айырылудан, мансабына нұқсан келуден қорқады. Біздің жүйке ауруларын емдейтін орталыққа келмеуге тырысады. Өйткені диспансерлік есепке алады деп намыстанады. Сондықтан олар жекеменшік емханаларды жағалайды.

– Орталықтағы геронтологиялық қыз­­меттің маңызына да тоқтала кет­сеңіз?

– Геронтологиялық орталық 2019 жылы ашылды. Мұнда қарт кісілерге көмек беріледі. Жасы келген сайын адамда деменция дамып, Альцгеймер сияқты аурулар меңдей бастайды. Бұл кеселден құтыламын деп келетін үлкендеріміз бар. Аталған кеселді дер кезінде емдесе, қалыпты өмір сүруге болады. Ауру асқынған сайын адам көз алдымызда солып, өзгеріп, қазір ішкен тамағын қазір ұмытып қалуы мүмкін. «Тамақ бермей аштан өлтірейін деп жүрсіңдер» дейтіндер бар. Ем, дәрі-дәр­мектері мен дәрумендерін уақтылы қабылдап жүр­ген адамның дерті асқынбайды. Денсау­лықты күтіп, қалыпты деңгейде ұстауға болады.

– Ұстанатын қағидаңыз қандай?

– Қайғы-мұңды, өкпе-ызаны арқалап жүрудің қажеті шамалы. Бұл – бірінші қағида. Екінші қағида – іштей айтқың келіп тұрғанды айту керек. Шықпаған эмоция адамның жүйкесіне әсер етеді. Қан қысымын көтереді, жүректі қысады. Іштегі шерді, жанды жеп жүрген жайтты ұстамай, психологтерге айтып, кеңесін алудың пайдасы көп. Ал адамдар психологтерге жүгінуді намыс көреді. Мұның дұрыс шешім қабылдауда, адаспауда маңызы үлкен. Сондықтан да әркімнің өз психологі болуы керек. Ал психолог алдына келген клиенттің сырын сыртқа шашпайды, кәсіби кеңес беріп, жанын емдейді.

0153.jpeg

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ



Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/261145-zhuyke-aurularyna-kimder-dgii-dushar-bolady
© egemen.kz