Печать
Просмотров: 287

ылтыр динамикалық бақылауда 10 661 адам болса, биыл көрсеткіш 20 пайызға көбейіпті

Елімізде психологиялық дертке шалдыққан науқас саны көбейіп барадыAlmaty.tv

Құмар ойын ойнап, қарызға батқандар, өмірден түңіліп, ішімдік пен есірткіге салынғандар. Елімізде психологиялық дертке шалдыққан осындай науқас саны көбейіп барады. Бұл туралы Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері мәлімдеп отыр, деп Almaty.tv хабарлайды

 

Соңғы бір жылда орталықтың сенім телефонына әр өңірден күйзеліске ұшыраған 6 мыңға жуық адам хабарласса, биыл соңғы 3 айда бұл көрсеткіш 2 мыңға жуықтапты.

44 жастағы Алматы тұрғыны өмір бойы саудамен айналысып, күн көріп келген. Алайда пандемия кезінде қиындыққа тап болып, жүрек талмасына ұшырапты. Кәсібінің тоқтап қалғандықтан қатты күйзеліске түскенін айтады.  

«Алдында мықты әйел болғанмын. Жүгіріп, жұмысымды істеп жүретінмін. Несие алдым, проблема көбейіп кетті. Үндемей, ішімнен тынып жүре бергенмін. Сол бірден ештеңе керек емес, ешкіммен сөйлескім келмеді. Көктемде келген себебім  қысқа қарағанда қиындау болып көрінді», – деді науқас.

Қазір науқас Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер бірден мазасыздық пен депрессия диагнозын қойып, ем тағайындаған.

«Түнде ұйқысыздық мазалап жүрді. Сосын қорқыныш болды. Неден екенін өзім ұқпаймын. Бұл жерге келуге де қорқып, шешім қабылдай алмай жүрдім. Дәрігерлерім осы жерге барыңыз деп, кеңес берді. Келдім. Өте қуаныштымын. Дәрігерім айтқан сәтте келмегеніме өкінемін», – деді науқас.

Қазір бұл орталықта 11 283 науқас ем алып жатыр. Былтыр динамикалық бақылауда 10 661 адам болса, биыл көрсеткіш 20 пайызға көбейіпті. Бұдан бөлек, бұрын-соңды психикалық дертпен ауырмаған, алайда құмар ойыннан ұтылып, қарызға батқандар, ішімдік пен есірткіге тәуелді азаматтар, өз-өзіне қол жұмсауға бел буғандар сенім телефонына хабарласып, дамыл бермейтін көрінеді. Ең сорақысы, күйзеліс жағдайында асығыс шешім қабылдап, кейін ісіне өкінген азаматтар да мұңын шағады екен.

«Ер баласы. Бірақ жастықпен 12 жыл бұрын жыныс мүшесін өзгерткен.  Енді қазір өкінеді. Қайтадан ер адам болғысы келеді, қайтадан семьялы болып, бала-шағамның әкесі болсам деген арманы бар. Сондықтан біз телефон арқылы жұмыс жасаймыз», – деді Психикалық сауықтыру орталығының психологы Сәуле Ибашова.

Мамандар «адамдардың жиі күйзеліс пен психикалық дертке  отбасылық жанжал, ата-ана мен перзент арасындағы түсініспеушілік, әлеуметтік жағдай мен қоғамда болып жатқан құбылыс, жұмыстағы кикілжің және көктем-күз мезгілдерінің келуі себеп болуы мүмкін» дейді. Алайда дер кезінде көрсетілген дәрігер көмегі аурудың алдын алуға көмектеседі екен.

«Көктемде қыс мезгіліне қарағанда күннің уақыты ұзарады, түн қысқарады. Бұның өзі де адамның ішіндегі құбылыстарға өзгертеді. Яғни, гормональді өзгерістер болады. Сол гормональді өзгерістер әртүрлі асқынуға алып келуі мүмкін. Соның ішінде психикалық аурулары бар адамдарды да осындай өршу құбылыстары болуы мүмкін», – деді Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Айта кетейік, науқастар ай сайын мамандар бақылауынан өтеді. Тиісті дәрілерді қабылдап, қажет терапиялар тағайындалады.    

Өмірлік қиын жағдайға душар болып, тығырықтан шығудың жолын іздеген, күйзеліске түскен жандарға орталықта тек психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймай, осындай арнайы қысқы саябақ жасалған. Бұл жерде пациенттер еркін демалып, бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік берілген. Сондай-ақ өсіп тұрған жасыл желектерді баптап, күте алады. Бұл – психологиялық қолдауды қажет ететін адамдарды емдеуге арналған ерекше әдіс.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы