Балалар психиатриясындағы өзекті мәселелер мен ғылыми шешімдер. - Алматы психикалық денсаулық орталығы
Балалар психиатриясындағы өзекті мәселелер мен ғылыми шешімдер.

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні қарсаңында 9 қазанда Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында «Баланың психикалық денсаулығы – елдің өркендеуіне жол» атты конференция өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті мен орталық ұйымдастырған жиынға университеттің оқытушылары, психологтар, психиатрлар қатысты.

Орталық директорының орынбасары Жанна Жолдыбаева конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, балалардың психологиясының тұрақтылығы – мемлекет пен ата-ана үшін маңызды және кәмелет жасқа толмағандарға медициналық, психологиялық қолдау көрсету, дерттің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында атқарылған шараларды атап өтті.
Психикалық сауықтыру орталығының балалар стационарлық бөлімшесінің меңгерушісі, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрова алып шаһардағы жасөспірімдердің психикалық денсаулығы жайлы баяндама оқыды. Еліміздегі көкейтесті тақырыптың бірі балалар аутизмі спектрінің бұзылуының эпидемиологиялық көрсеткіші, аутизмнің негізгі клиникалық белгілері және дифференциалды диагностика тәсілдері, осы дерттің таралуына әсер ететін генетикалық патологияның маркерлері, ата -аналардың медициналық көмекке кеш жүгінуінің салдары мен ерте диагностиканың маңыздылығын ғалымдар мен дәрігерлер талқылады.
Мамандар аутизм – үкім емес, ауруды ерте анықтау, кешенді мамандандырылған көмек көрсету науқастың әлеуметтен оқшауланбай толыққанды дамуына зор мүмкіндік береді деген пікірде.
Балалардың психикалық денсаулығын нығайтуға бағытталған ғылыми зерттеулер мен тәжірибе алмасу еліміздегі медициналық көмектің сапасын күшейтуге септігін тигізетіні анық.

Балалар психиатриясындағы өзекті мәселелер мен ғылыми шешімдер.