
14 қарашада Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жұмыс сапары аясында қаланың бірқатар медициналық ұйымдарын аралап, инфрақұрылымды жаңғырту және пациенттерге қолайлы жағдай жасау жұмыстарының барысымен танысты.
Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында амбулаториялық-емханалық қызметті жөндеу жұмыстары жалғасуда. Инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, дәрігерлер кабинеттері жаңғыртылды. Тіркеу орталығының аумағы кеңейтіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда амбулаториялық қызмет аясында 250-ден астам ересек пен балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Қалалық балаларды оңалту орталығында аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталды. Асфальт жабыны жаңартылып, қауіпсіз жабынмен ойын алаңдары жабдықталды, сырғанақтар мен әткеншектер орнатылды. Серуендеу алаңы ерекше қажеттіліктері бар балалардың сұраныстары ескеріле отырып бейімделді.
Айбасов көшесінде №13 Қалалық емхананың филиалы – жаңа дәрігерлік амбулатория ашу жоспарлануда. Ауысымына 200 келушіге арналған нысанда жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттері, әйелдер консультациясы және стоматологиялық бөлімше болады.
Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында №28 Қалалық емханаға қарасты амбулаторияға (Қорымдық көшесі, 1А) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғаннан кейін мұнда учаскелік дәрігерлер кабинеттері, емшара, флюорография, УДЗ, қан алу кабинеттері және әйелдер консультациясы ашылады. Нысанның қуаттылығы – ауысымына 40 келуші.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Марат Пашимов барлық іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау – Алматы қаласының денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарының бірі.


