Алматыда рентгенологиялық зерттеулердің бірыңғай цифрлық архиві құрылды: пациенттердің суреттері 25 жылға дейін сақталады - Алматы психикалық денсаулық орталығы
Алматыда рентгенологиялық зерттеулердің бірыңғай цифрлық архиві құрылды: пациенттердің суреттері 25 жылға дейін сақталады

Алматыда қаланың медициналық ұйымдарындағы сәулелік зерттеулердің нәтижелерін біріктіретін орталықтандырылған телерадиологиялық жүйе енгізілді. Жүйе жұмысының алғашқы нәтижелері Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың және медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде қаралды.

Жүйенің тұрғындар үшін басты артықшылығы – енді әртүрлі медициналық ұйымдарға қаралған кезде өзімен бірге диск немесе рентген пленкаларын алып жүрудің қажеті жоқ. Барлық түсірілім бірыңғай цифрлық архивте сақталады. Дәрігерлер бұрын жүргізілген зерттеулерді қарап, оларды жаңа нәтижелермен салыстыра алады.

Бұл әсіресе онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін маңызды. Жүйе тексерулер әртүрлі клиникаларда жүргізілген жағдайда да денсаулық жағдайындағы өзгерістерді бақылауға және қажетсіз қайталама диагностиканың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – диагностикалық кескіндерді 25 жылға дейін сақтау мүмкіндігі. Бұл мамандарға пациенттің денсаулық жағдайындағы өзгерістерді динамикада бақылауға, әр жылдардағы тексеру нәтижелерін салыстыруға және клиникалық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Бүгінде жүйеге 69 медициналық ұйым мен 216 диагностикалық аппарат қосылған. Бірыңғай архивте 800 мыңнан астам зерттеу жинақталған, ал тіркелген пациенттер саны 1 миллионнан асады.

«Жүйе сәулелік диагностиканың негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында рентгенография, флюорография, маммография, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, сондай-ақ ангиография бар», – деп атап өтті Марат Пашимов.

Есепті үш ай ішінде жүйеде 603 467 зерттеу тіркелген. Цифрлық архивпен жұмыс істеу үшін рентгенолог дәрігерлерге арналған 113 жұмыс орны және 113 диагностикалық монитор орнатылған.

Сонымен қатар, ахуалдық орталық жүргізілген зерттеулер санын, медициналық ұйымдардың жүктемесін, рәсімделген қорытындылар санын және жүйеге қосылған ұйымдардың белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.

Кеңес барысында жобаны одан әрі кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов 2026 жылдың соңына дейін МӘМС және ТМККК шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медициналық ұйымдарды бірыңғай телерадиологиялық жүйеге қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Алматыда рентгенологиялық зерттеулердің бірыңғай цифрлық архиві құрылды: пациенттердің суреттері 25 жылға дейін сақталады