«Алматыда жер сілкінісі кезінде қалалық психикалық сауықтыру орталығының ерлер бөлімінде өрт тұтанды» деген ауқымды сейсмикалық жаттығудың жоспары бойынша құтқарушылар тілсіз жаудың құрсауынан 20 емделуші мен 7 медицина қызметкерін шұғыл құтқаруға кірісті.
Қалалық психикалық сауықтыру орталығында 11 тамызда сағат 11-де ерекше сценарий бойынша басталған сейсмикалық жаттығуда медицина қызметкерлері, құтқарушылар емделушілердің өмірін алып қалу, қауіпсіз жерге көшіру кезінде жедел шешім қабылдап, шұғыл әрекет етіп, біліктілігін көрсетті. Жаттығуға 70-ке жуық орталық қызметкері жұмылдырылды.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында өткен төтенше жағдайлардың алдын- алу және мамандардың әрекет ету алгоритмін пысықтауға бағытталған ауқымды практикалық жаттығудың мақсаты пациенттерді қауіпсіз жерге эвакуациялаудың практикалық дағдыларын жетілдіру, қызметкерлердің азаматтық қорғаныс бөлімшелерімен үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету,төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмін пысықтау. Сонымен бірге құтқарушылар орталық мамандарына өрт сөндіру кезінде тілсіз жауды өшіретін құралдарды пайдалану және бірнеше ережелермен таныстырды.
Бекітілген жоспар бойынша ерлер бөлімінің 20 емделушісі, 7 қызметкер , орталықтың барлық жауапты қызметкерлері, Бостандық аудандық ТЖД және Алматы қаласы Құтқару қызметінің өкілдері қатысты.
Бүгін шара барысында Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті орталықтың Төтенше жағдайлар бойынша инженері Мырзахан Бекбосыновқа алғыс хат табыс етті.
Алматы қалалық психикалық орталығының басты міндеті – қызметкерлер мен емделушілерге қауіпсіз орта қалыптастыру. Сонымен бірге денсаулық сақшылары қауіпсіздіктің баста назарда екенін тағы бір дәлелдеді.















