
Алматы емханалары мен білім беру ұйымдарының психологтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, кәмелет жасқа толмағандардың суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюға белді бекем буды.
Бүгін Алматыда Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген «2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы» мен «Сенімді дос» пилоттық жобаны талқылаған жиын өтті. Денсаулық сақтау вице министрі Тимур Сұлтанғазиев қатысушыларға сәттілік тілеп, кешенді жобаның өзектілігіне тоқталып, маңыздылығын тарқатып айтып берді. Суицидтің алдын-алуға арналған пилоттық жоба 1 миллионнан астам жасөспірімді қамтиды және Түркістан облысы , Астана, Алматы, Шымкент қалалары қатысады.
Бұдан былай оқушы бойынан суицидтік және аутодеструктивті мінез-құлықты ерте анықтауға психологтар ғана емес, оқу орнының әрбір қызметкері жұмылдырылмақ. Тіпті күзетші, асхана қызметкері , еден жуатын мамандар да шәкірттің мінезінен, психологиясында өзгерісті білуге бейімделеді.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы директорының орынбасары Нәби Есімовтің айтуынша пилоттық жоба шеңберінде mhGAP, «Сенімді дос» және «Жеңіл» бағдарламалары бойынша психологтар білімін жетілдірді. Бүгінгі басқосуда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымдарының психологтары өздеріне бекітілген мектептердің педагог-психологтарымен танысып, суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды пысықтады. Ауқымды жоба аясында ата-аналар да арнайы семинарларға қатысады.


