
Бүгін Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына мәслихат депутаты Айгүл Шалбаева және қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері Зәуреш Аманжолова, Рафаэль Гасанов арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапардың басты мақсаты — орталық ғимаратының бүгінгі жағдайын, медициналық көмек көрсету сапасын және өзекті мәселелерді талқылау.
Орталық басшысы Чингиз Сеилбеков қонақтарға мекеменің ағымдағы тыныс-тіршілігі туралы баяндады. Әсіресе, бүгінгі таңда ерекше назар аударылып отырған балалар бөлімінің жұмысы мен кішкентай емделушілерге арналған емдеу-сауықтыру шаралары, бөлімдегі асхана, төсек орын, оңалту кабинеттерін көрсетті.
Орталық директорының айтуынша, қазіргі уақытта орталықта, соның ішінде балалар бөлімінде емдеу шаралары толық көлемде және тиісті деңгейде қамтамасыз етілген. Ал маслихат депутаты, Қоғамдық кеңес мүшелері орталық ғимаратының жай-күйін, материалдық-техникалық базаны нығайту және мекемені дамытудың алдағы стратегиялық жоспарларына қатысты сұрады.
Орталық басшысы қонақтарға ғимараттың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамыту және емделушілерге қолайлы жағдай жасау бойынша алдағы жоспарларын таныстырды.
Жиында балалардың психикалық денсаулығына ерекше назар аударылды. Балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрова соңғы уақытта балалар арасында психикалық аурулардың өсу тенденциясы байқалып отырғанын айтып, бұл бағыттағы алдын алу және емдеу шараларын күшейтудің маңыздылығын жеткізді.
Мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңес мүшелері орталықтың даму жоспарларына қолдау көрсетіп, көтерілген мәселелерді шешуге дайын екендіктерін білдірді. Нәтижесінде кездесуге келгендер сапалы медициналық көмек пен дені сау болашақ — біздің ортақ мақсатымыз деп тарқады.






