Әлемді дүрліктіріп, миллионға жуық тұрғынның өмірін жалмаған коронавирустың екінші толқыны кейбір елдерде тағы бас көтеріп, сақтық шараларын қатайтуға мәжбүрлеп отыр. Індеттің беті қайтқанымен қауіп бар. Үрей сейілген жоқ. Наурыз айында Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына шетелден оралған саяхатшылар , Алматы шаһары арқылы ұшқан жолаушылар карантинге жабылды. Олардың денсаулығын бақылауға алып, денсаулық сақшылары бірнеше ай үй бетін , бала-шағасын көрмей науқастарды емдеп, аурумен арпалысты.
Шілде, маусым айында орталықта екі провизорлық орталық ауыр халде жеткізілген науқастарға медициналық көмек көрсетуге кірісті. Қазір қос ғимаратта провизорлық орталықтағы палаталар бос тұр. Жұқпалы індетті жұқтырған пациенттермен қоштасқан дәрігерлер әр науқастың отбасына аман-есен оралуы біздің жеңісіміз дейді. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевпен провизорлық орталықтың қызметі жайлы сұхбаттасқан едік.
Пандемия кезінде Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында екі провизорлық орталық жұмыс істеді. 5 наурыздан 30 маусымға дейін Мақатаев көшесінде орналасқан наркологиялық қызметтің ғимаратында коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен карантинге жабылған тұрғындарды, шетелден оралған саяхатшыларды қабылдадық. 260 төсек орын бөлініп, барлық санитарлық талаптарды енгізіп, 1080 отандасымыз дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Карантиннен өтті. Олар отбасына дін-аман оралды, - дейді С. Рахменшеев.
- Теңіз жағалауында күнге қызып, Еуропаның көрікті қалаларында қыдырып қайтқан саяхатшылардың еліміздегі емдеу мекемелеріндегі жағдайға көңілі толмай, наразылық білдірген оқиғаларды жиі оқыдық. Мұндай айқай-шу орталықты айналып өтпеген болар?
- Демалыстан оралған, шетелде емделу үшін медициналық тексеруден өтіп, елге оралған тұрғындарды қабылдадық. «14 күн қалай жатамыз, бізді қамап жатыр» деп дүрлігіп, кейбір тұрғындар шатақ шығарды. Біздің қызметкерлер олардың әрқайсысымен үгіт-насихат жүргізіп, аурудың алдын-алу үшін жасалған шаралар мен карантин тәртібін түсіндірді. Әртүрлі адамдардың әрекеті, әртүрлі оқиғалар есте қалды.
Тәулік бойы бет-жүзімізді тұмшалап, қауіпсіздік үшін қымтанып, ұшақтан түскен тұрғындарды жанталасып қабылдап жатқанда бір кісі кезекте тұрған топты жарып, «ақшасын төлеймін, мені жеке палатаға жайғастыр» деп талап етіп, табан тіреп тұрып алды. Әрине біздің орталықта бір палатада 4-5 адамға төсек бар. Барлық тұрғынға тегін және бірдей медициналық көмек көрсетеміз деп, карантиннің талап-ережесін тәптіштеп айттық.
Алматылықтар, Орал, Петропавл өңірінен шетелден қайтқан жолаушыларды жеке гигиеналық заттармен , қажетті киім-кешекпен қамтамасыз еттік. Оларға ыңғайлы орта ұйымдастырып, аурудың таралуына жол бермес үшін тәулік бойы жұмыс істедік.
30 маусымнан бастап провизорлық орталыққа айналып, коронавирусты жұқтырған, екі өкпесі қабынған науқастарды емдедік.
- Індетпен бетпе-бет күресіп, қаншама жанның өмірін сақтап қалдыңыздар. Жалпы коронавриус қандай ауру?
- Көзге көрінбейтін жау. Өмірге өте қауіпті кесел. Біздің азаматтардың көбісі бастапқыда қауіп-қатерді елемеді, сенбеді. 30 маусымда орталыққа өте ауыр халде науқастарды жедел-жәрдем үздіксіз әкеліп жатты.
Сол кезде ғана олардың туысқандары коронавирустың бар екенін , қатерлі кесел екеніне куә болып, сол кезде сенімі пайда болғанын айтып, ағынан жарылды. 5 шілдеден бастап психиатриялық қызмет көрсететін ғимаратта провизорлық орталық науқастарға есігін айқара ашты. Пневмонияға, коронавируске шалдыққандарды емдедік.
- Дәрігерлер, медицина қызметкерлері әлемдік ақпарат көздерінен қауіпті ауру екенін күнде естіді. Кез-келген уақытта жұқпалы кеселді жұқтырып алуы мүмкін екені айдан анық еді. Орталық қызметкерлері өмірін, денсаулығын қатерге тігіп, жұмысты жалғастыруға қалай келісті?
- Провизорлық орталық ашылар алдында ұжыммен жиналыс өткіздім. Әріптестеріме қатты риза болдым. Барлығы жұдырықтай жұмылып, халықты індеттен құтқаруымыз керек деп, бір ауыздан шешім қабылдады. Қиын сәтте қызмет етеміз деп, бір кісідей белсеніп, емдеуге кіріскен медицина қызметкерлерінің жалынды сөздері маған күш-қуат беріп,жігерлендіріп тастады. Індетті бірге жеңеміз деген берік сенім оянды.
- Дегенмен қызметкерлеріңіздің арасында ауруды жұқтырған әріптестеріңіз бар ма?
- Әрине. Мен де коронавируспен ауырдым. Орталықтың медицина қызметкерлері ауруынан айыққаннан кейін қайта қатарымызға қосылып, науқастарға медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл да ерліктің бір түрі. Кәсібін шын сүйген, адал адамдардың қолынан келетін батылдық деп бағалаймын.
Карантин кезінде орталық наркологиялық ,психиатриялық көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ. «Сенім телефонына» тәулік бойы жұмыс істеді. Күйзелістен қажыған немесе спирттік сусындарға, есірткі заттарына тәуелді тұрғындарға медициналық көмек үздіксіз көрсеттік.
- Коронавирустен қалай айықтыңыз?
- Сабырлықтың науқастың бойына шипаны дарытуға ықпал ететін қасиеті бар. Дәрігерлер тағайындаған барлық ем-домды бұлжытпай орындадым. Көбінесе анау дәрі зиян, мынау дәріні ішпеймін, әсер етпейді деп, интернеттегі тексерілмеген ақпаратқа сеніп, медицина қызметкерлерінің еміне қарсылық білдірген науқастарды көрдім.
Өкінішке қарай , сенім мен сабырлық адамның аурудан айығып кетуіне 50% көмектеседі. Тағы бір жәйт, көптеген тұрғындар бетперде тағу, қолды антисептикпен залалсыздандыруға құлықсыз. Бірақ қарапайым сақтық шаралары сізді ,отбасыңызды және туыстарыңызды, ел-жұртты аса қауіпті індеттен қорғайтын амал екенін қаперіне де ілмейді. Дегенмен әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапты екенін ескерсе екен. Ауырмаңыздар.
Жазира Бегалы, журналист, Алматы қаласы