Бүгінде Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында 10 462 адам диспансерлік бақылауда тұрса, соның 5 864-і ер-азаматтар. Қыз-келіншектерге қарағанда, жігіттердің басына жиі зақым келеді, жол апатынан, спорттық жаттығулар мен сайыстарда соққы алады десек те, бұл деректің жоғары болуының өзге қырлары да бар. Сіркесі су көтермей, ұйқысы қашқан еркектерді есеңгіреткен аурудың емі бар ма? Осы және басқа да сауалдарға Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар РАХМЕНШЕЕВ жауап берді.
– Біздің орталықтың негізгі қызметі – жүйкесі сыр берген қала тұрғындарына сапалы психологиялық және психатриялық тұрғыда көмек беру. 2017 жылдан бері интеграциялық-психатриялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында орталық мамандары қаладағы аудандық емханалардың құрамында отыр. Бұл не деген сөз? Бұрын адамдар Психатриялық орталыққа келуге намыстанатын, қорқатын. Денсаулығы мазалап жүрсе де бізге келуге жүректері дауалай бермейтін. Осындай теріс көзқарасты жойып әрі пациенттерді мамандарға жақындата түсу үшін дәрігерлерімізді қалалық емханаларға жібердік. Нәтижесінде, психиатрларға жүгінетіндер көбейді. Бұл бастама біздің мамандарға деген сенімді күшейтті, бөгетті азайта бастады. Мәселен, қазірдің өзінде орталықта 10 462 науқас адам диспансерлік бақылауда тұр. Оны диагнозы бойынша жіктейтін болсақ, бірінші орында – шизофрения, екінші орында – ақыл-естің кемдігі, үшінші орынға мидың органикалық зақымдалуы жайғасады.
– Органикалық зақымдалу дегеніңіз не?
– Бұл көбінесе спортпен шұғылданғанда, жол-көлік апатында, төбелесте басынан зақым алғандар. Миына органикалық зақым келген науқастар құлан-таза айығып кете ме деген сауалдар қойылады. Бірінші, бұл аурудың түріне, екінші, қай деңгейде зақым алғанына және сапалы емделуіне байланысты. Әрине, диспансерлік есепте тұрған науқастарға амбулаторлық деңгейде берілетін тегін, өте қымбат, заманға сай дәрі-дәрмектер бар. Егер осы препараттарды уақтылы қабылдап отырса, кесел асқынбайды.
Өкінішке қарай, мынадай жағдайлар да болады. Науқас ауруханада ай бойы жатып, емделіп шыққаннан кейін екі аптадан кейін қайта түседі. Неге? Өйткені, олар амбулаторлық жағдайда берілетін дәрілерді үйде ішпейді. Ауруханада қабылдаған емнің күші 2-3 аптаға жетеді, толық емделмей жатып, емді жарты жолдан тоқтатады, кеселдің өршу кезеңіне душар болады. Мұндай науқастар ата-ана, жақындарына бой бермейді, тыңдамайды. Оның ішінде туа бітті жүйке аурулары да бар. Біз үйде препараттар қабылдауды бақылауды ата-анасына жүктейміз. Препараттар қабылдауды тоқтату жүйкеге қайта салмақ салып, ұйқы бұзылады, құлақтарына дауыс, көздеріне елес келеді. Содан арнаулы бригада науқасты қайта алып келіп, ауруханаға жатқызуға мәжбүр болады.
– Сапар Құттыбайұлы, қазіргінің адамы күйзеліске жиі ұшырайды. Сап-сау адамның өзі әбден торыға келе түрлі жүйке кеселдеріне шалдыққанын көріп жүрміз. «Стресс», «депрессия» терминдері тым көп қолданылады. Арнайы мамандарға жүгінудің алғашқы белгілері қандай?
– Кез келген күйзеліс салдарындағы ауытқулардың бәрі психикалық созылмалы кеселге душар етпейтінін түсінген жөн. Мәселен, психологиялық соққының әсерінен адамда күйзеліс басталады. Жұмыста, үйде болған ауыр жағдайдан адамның торығуынан ұйқысы бұзылады, сіркесі су көтермейді, тәбеті қашады және жұртпен араласуды тоқтатады. Осындай кезде бізге келетін пациенттер бар. Алайда дәрігерге қаралмайтындар, өзіне көңіл бөлмегендер бұл уақытша дегенге алданады. Бұл асқына келе ұйқы мен тәбеттің қашуына алып келеді. Невроздар пайда болады. Алғашқы белгілері – бұрын жақсы танып, араласып жүрген адам айналадағылардан қашқақтап, тұйықталып, ашуланшақ бола бастайды. Тез салмақ жоғалтып, жүдеп кетеді. Осы кезден бастап алаңдай бастаған жөн.
– Кейінгі кезде сізді көбірек ойлантатын жағдайлар қандай? Деменция, яғни жасына жетпей алжу, есте сақтау қабілетінің әлсіреуі туралы не айтасыз?
– Ақыл-естен алжасу 70 жастан асқаннан кейін ғана пайда бола бастайды деп есептеп келдік. Бұл ауру жасарып келеді. Жуырда 53 жастағы пациентке деменция диагнозы қойылды. Алжуға душар ететін жағдай өте көп. Біріншіден, басынан ауыр жарақат алса, екіншіден алкогольдік ішімдіктер мен есірткі қолданатын болса, сонымен қатар жастар арасындағы токсикомания, түрлі затты иіскеу де ақыл-естің кемуіне алып келеді. Шынында, психикалық аурулардың жасарып келе жатқаны ойландырады. Интернетке күндіз-түні телміру, психикаға әсер ететін қатыгез, жауыз ойындар мен ақпараттар жүйке ауруларының белең алуына жетелеп отыр. Мәселен, өмірде көп сөйлемейтін, ұялшақ балалар интернетке кіргеннен бастап өзгереді. Қалаған адамымен дос болады, қаламаса, достықтан шығарып, ұнатпағанына ұрсып тастайды. Қысқасы, «виртуалды батыр». Ал мектепте одан момақан адам жоқ. Яғни бір адамның ішінде екі түрлі мінез-құлық отырады. Осының бәрі ғаламтордың жүйкеге кері әсері мен кесірінен болады. Сондықтан ата-аналар балаларына уақтылы көңіл бөлуі керек. Былтыр 2019 жылмен салыстырғанда Алматыда жүйке аурулары диагнозы қойылған пациенттер 100 адамға көбейді.
– Бұған коронавирустық пандемияның әсері тиген болар? Төтенше жағдай кезінде қордаланған мәселелер қопарылып түскенін көрдік. Бұл – отбасындағы зорлық-зомбылық, алкоголизм, жақын адамдардың бір-біріне әлімжеттігі десек болады. Осы келеңсіздік жұмыстарыңызда қаншалықты көрініс тапты?
– Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін «Сенім телефоны» бар. Наурыз, сәуір, мамыр айларында тұрғындар тарапынан шалынған қоңыраулар көбейді. Екіншіден, психолог мамандардың көмегіне жүгінгісі келетін адамдардың саны артты. Содан кейін ішімдікке салына бастағандардың саны өскені байқалды. Осыдан зәрезап болған әйелдердің күйеулерінің күнде ішетініне, үйдің берекесін алып жатқанына шағымданған қоңыраулары еселене бастады. Ал жолдастары үйде жатқан адамның уақыты өтпейтінін, сыра ішсе алданатын айтып ақталады. «Арақ ішсем, көңілім көтеріліп, барлық мәселені шешіп тастайтын сияқтымын» дейді. Сол сияқты әйелі мен ері арасындағы кикілжің, баласы мен ата-анасы арасындағы түсініспеушіліктер өсті. Өйткені бұрын әке-шеше күндіз-түні жұмыс деп шапқылап жүргенде баласының немен айналысатынына мән беруге мұршасы болмаған. Осындай кезде психолог мамандардан кеңес алуға ұмтылғандар аз болған жоқ. Сонымен қатар, суицид мәселесі де бой көтерді. Орайы келіп тұрғанда мақтанышпен айтқым келеді. Біздің психолог мамандар үш адамның өмірін сақтап қалды. Тіпті 4 баласы бар әйел 7-қабаттан секірер алдында дәрігерлеріміз дұрыс бағытта жұмыс істеді. Кейін бұл адамдар бізде емделіп шықты.
– Орталықта жүйке ауруларын ғылыми тұрғыда зерттейтін мамандар бар ма?
– Қазіргі таңда орталық – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Қазақ-орыс медицина университетінің, сонымен қатар Үздіксіз медициналық білімді жетілдіру орталығының клиникалық базасы болып есептеледі. Профессорлар, медицина ғылымдарының докторлары осында дәріс бере отырып, науқастарды да қарайды. Қазір Қазақ-орыс медицина университетінің кафедраларымен бірігіп, суицидке қарсы зерттеулер жүргіземіз. Келер жылы қорытындысы шығады. Алматыда республикалық деңгейдегі ғылыми-зерттеулермен айналысатын психатриялық, наркологиялық орталықтар бар. Бұл орталықтармен де қоян-қолтық жұмыс істейміз.
– Заманына сай жүйке ауруларына шалдыққандарды емдеудің тәсілдері мен баянхаттары өзгерді ме?
– Емдеу хаттамасы ұдайы өзгеріп тұрады. Жыл сайын дәрілердің түрлері жаңарады. Мәселен, бір препараттың әсері үш айға, одан да көп уақытқа жетеді. Ұзақ мерзім аралығында жүйкесі тынышталып, үрей, қозу, дауыс, елестен ада болады. Бұрын ондай дәрілер болған жоқ. Бұл – кез келген дәрі-дәрмектің адам ағзасына кері әсерін азайтатын мүмкіндіктері ұлғайды деген сөз.
– Жүйке ауруларына ұшыраған жандар қоғамға қаншалықты қауіпті?
– Бұл науқастар алдымен өзіне қауіпті...
– Бұрын психиатр мамандар «Наполеон», «Сталин», «Ленинді» емдесе, бүгінгі мамандар қандай ғаламат иелерімен жұмыс істейді?
– Мұндай жағдайлар сирек. Кейбір науқастар өздері мойындап, «Ұйқым бұзылды, осыдан қорқа бастадым» деп емделуге өз ырқымен келеді. Мысалы, бұрын аурулар арасында «Сталинмін», «Черчильмін», «Президентпін» дейтіндер болса, қазір «Алланың елшілері» бар. «Мен пайғамбармын, адамдарды емдеуім керек» дейді. Мұндай кезде пациентпен барынша тіл табысып, ашуына тимей емдеуге тырысамыз. Кейін бұл науқастар ақыл-есін жиғаннан кейін «қасиеті кетіп қалғанын» мойындап жатады.
– Отбасындағы «ерекше қабілетке», бөгде мінез-құлыққа ие болған адамдардың жақындарына қандай кеңес бересіз?
– Ең бастысы, көшеде, үйде болсын жүйке ауруына шалдыққан адаммен бетпе-бет келіп қалсаңыз, оған қарсы келмеу қажет. Ауру қозып тұрғанда оны одан да өршіте түсетін іс-қимыл көрсетіп, ашуын келтіретін әңгіме айтпау керек. Қолында қаруы болып, қауіп төндіретіндей жағдай болса, бірден 102 және 103 телефондарына бірдей хабарлаған жөн. Жуырда қолында пышағы бар жігіттің өтіп бара жатқан адамдарға ұмтылғанын теледидардан көрсетіп жатты. Мұндай кезде оған ақыл айтып, ажыратып, өз бетінше тоқтатудың түбі қайғылы оқиғалармен де аяқталуы ғажап емес. Сондықтан алыс кету керек, ол – науқас адам. Өзіне есеп бере алмайды.
– Жүйке кеселіне ұшыраған жандарды кейде жақындары емшілерге сүйреп жүреді...
– Бұл сұрақты да маған жиі қояды. «Дуалапты», «Ішіне жын кіріп кетіпті», «Оқытып тастапты» деген баяғыдан бері естіп келе жатқан сөзіміз. Бірақ медицина мен Ислам діні бір біріне қайшы келмейді. Екеуінің де міндеті адамға көмектесу десек те, әр істің өз маманы болады. Қандай жағдайда да әр дерттің өз дәрігері бар. Сондықтан да алдымен маманның кеңесіне жүгініп барып әрекет ету керек.
– Жүйке ауруларына ұшырағандардың көпшілігі ер адамдар деген деректің жай-жапсарын түсіндіре кетсеңіз.
– Жігіттердің көпшілігі спортпен шұғылданады, үнемі төбелес, алкогольді ішімдікке үйір, жол апатына да жиі ұшырайды. Осының бәрі де тікелей әсер етеді. Одан бөлек, әйелдерге қарағанда ер адамдар эмоционалды тұрғыдан әлсіздеу. Тұрмыстың тауқыметіне қыз-келіншектер төзімдірек. Оған қоса қиыншылықтардан туындайтын торығу, күйзелісті ер адамдар ішімдік, есірткімен басуға бейім, құмар ойындармен де өзін алдағысы келеді.
– Әйелдерге қарағанда ерлер эмоционалды тұрғыда әлсіздеу келеді дейсіз де, маскүнем қыз-келіншектердің көбейіп бара жатқанын алға тартасыз?
– Шындығына келсек, ішімдікке үйір әйелдер көп кездеседі. Зерттеп қарасақ, әрқайсысының алкогольге тәуелді болуының себебі де әртүрлі. Бұл оқиғалар бір біріне ұқсамайды. Эмоционалды әлсіздіктен тыс түрлі жағдайлар бар. Мен өзім де бірнеше әйел адамды маскүнемдіктен емдедім. Мысалы, бір пациенттің күйеуі әйелін еш жерде жұмыс істеткізбейді екен. Өздері бақуатты отбасы. Ері үнемі іссапарда жүреді. Осындай кезде ол әйел өзін өзі алдап, уақытын өткізу үшін үйіндегі қымбат ішімдіктерге әуестене бастайды. Соңында ішпесе тұра алмайтын жағдайға жеткен. Күйеулеріне ерегісіп, қосыла тәуелді болғандар табылады. Ал ішімдік уақытша болса да шындықты бүркемелеп, көңіл күйді көтергендей болады. Бірақ уақыт өте келе оның салдары ауыр болады. Қазір 5 923 адам наркологиялық диспансерлік бақылауда болса, соның алкогольге тәуелдісі – 4 448 адам. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға төмендеп отыр.
– Бұл қалай? Өйткені карантин, пандемия кезінде ең өтімді тауардың қатарында арақ пен сыра болғанын несіне жасырамыз?
– Бұлар жасырын пациенттер. Үйінде ақшасын төлеп, қанын тазартып, ине шаншытып емделіп алатындар бұл есепке кірмейді. Өйткені кейбірі қызметінен айырылудан, мансабына нұқсан келуден қорқады. Біздің жүйке ауруларын емдейтін орталыққа келмеуге тырысады. Өйткені диспансерлік есепке алады деп намыстанады. Сондықтан олар жекеменшік емханаларды жағалайды.
– Орталықтағы геронтологиялық қызметтің маңызына да тоқтала кетсеңіз?
– Геронтологиялық орталық 2019 жылы ашылды. Мұнда қарт кісілерге көмек беріледі. Жасы келген сайын адамда деменция дамып, Альцгеймер сияқты аурулар меңдей бастайды. Бұл кеселден құтыламын деп келетін үлкендеріміз бар. Аталған кеселді дер кезінде емдесе, қалыпты өмір сүруге болады. Ауру асқынған сайын адам көз алдымызда солып, өзгеріп, қазір ішкен тамағын қазір ұмытып қалуы мүмкін. «Тамақ бермей аштан өлтірейін деп жүрсіңдер» дейтіндер бар. Ем, дәрі-дәрмектері мен дәрумендерін уақтылы қабылдап жүрген адамның дерті асқынбайды. Денсаулықты күтіп, қалыпты деңгейде ұстауға болады.
– Ұстанатын қағидаңыз қандай?
– Қайғы-мұңды, өкпе-ызаны арқалап жүрудің қажеті шамалы. Бұл – бірінші қағида. Екінші қағида – іштей айтқың келіп тұрғанды айту керек. Шықпаған эмоция адамның жүйкесіне әсер етеді. Қан қысымын көтереді, жүректі қысады. Іштегі шерді, жанды жеп жүрген жайтты ұстамай, психологтерге айтып, кеңесін алудың пайдасы көп. Ал адамдар психологтерге жүгінуді намыс көреді. Мұның дұрыс шешім қабылдауда, адаспауда маңызы үлкен. Сондықтан да әркімнің өз психологі болуы керек. Ал психолог алдына келген клиенттің сырын сыртқа шашпайды, кәсіби кеңес беріп, жанын емдейді.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/261145-zhuyke-aurularyna-kimder-dgii-dushar-bolady
© egemen.kz