Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында емделіп жатқан балаларға Аяз ата мен Ақша қар Жаңа жыл қарсаңында қонаққа келді. Дертіне шипа іздеген алматылық балақайлар шыршаның шамы жарқырап, ән мен биден шашу шашқан салтанатты шарада ертегілер әлеміне саяхаттап мәз—мейрам болды. Орталық директоры Сапар Рахменшеев кішкентай емделушілерге тілек айтып, олардың өнерін тамашалады. — Біздің орталықтың балалар психиатриясында ақыл —есінің кемістігі, аутизм, шизофрения ауруы анықталған 24 бала емделіп жатыр. Жаңа жыл қарсаңында біздің балалар да Аяз атаға хат жазады. Әрине олардың арманы дертінен айығып, құрдастары секілді алаңсыз ойнау. Бүгін кештің бас кейіпкері Аяз ата кішкентай емделушілердің сол арманын жақындатқандай болды. Жаңа жылда жақсылық, береке, молшылық, тоқшылық және денсаулық мықты болсын деп тілеймін, —дейді орталық директоры. Бүгінгі шарада Сапар Құттыбайұлы балаларға тәттілер мен сыйлықтар тарту етті.