Бүгін Алматы қалалық психикалық орталығында балалардың танымдық және зияткерлік деңгейін зерттеу , сөйлеу қабілетін, әлеуметтік дағдыларды дамыту, физикалық денсаулықты жақсарту, сенсомоторлы жүйені жетілдіру, балалардың эмоционалды жағдайын жақсартуға арналған құрал-жабдықтармен жасақталған сауықтыру кабинеті ашылады. Психолог, логопед, психолог жаттықтырушы сөйлеу дамуы тежелген, аутизм, ақыл-ой кемістігі анықталған және гипербелсенді балаларға психологиялық кедергілерді еңсеруге көмектеседі.
Орталық директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша сауықтыру кабинетінің қызметі тегін.
- 2022 жылғы көрсеткішке сүйенсек, психикалық ауруға шалдыққан балалардың саны 12 % өскен. Мысалы, шизофрения кеселімен ауыратын жасөспірімдердің саны 43 %, ал аутизм бойынша дерек 50 % көбейген. Аурудың пайда болуының себебі әртүрлі. Тұқымқуалаушылық, жүктілік кезінде анасының жұқпалы ауруға шалдығуы да түрткі болуы мүмкін. Ал сауықтыру кабинетінде әр маман баламен бір сағат жұмыс істейді. Күніне 4-5 баланың танымдық, зияткерлік деңгейін , сөйлеу қабілетін, әлеуметтік дағдыларды дамытуға, физикалық денсаулықты жақсартуға , эмоционалды жағдайын жақсартуға сауықтыру кабинетінде барлық мүмкіндік бар,-деді орталықтың директоры.
Сонымен бірге бүгін Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында «Аутизмге шалдыққан балаларды емдеудің ерекшеліктері» тақырыбында конференция өтеді. Жиынға еліміздің психология саласының білікті ғалымдары, орталықтың мамандары қатысты. Қазіргі таңда қалада әртүрлі психикалық аурулар анықталған 1823 бала, 503 жасөспірім динамикалық бақылауда тұр.