ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Президентінің Жолдауы
ҚР Президентінің Ресми сайты
Қазақстан-2050 Мәңгілік Ел

 

2025  жылға дейін әлемде  23 миллион адам шылымға құмарлықтың салдарынан зардап шегуі мүмкін

«Құрамында тауықтың қиы бар»: елімізде шылым және насыбайға әуестерге қатысты статистика жоқ
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда шылымқұмарлар саны жайлы нақты статистика жоқ. Бірақ соған қарамастан темекі шегудің кесірінен өлім-жітім азаймай отыр. Жүрек қан тамырлары аурулары, әртүрлі қатерлі ісік, өзгеде сырқаттың өршуінетікелей қауіп тудыратын осы темекі. Әрбір темекі шегетін тұрғын жылына кемінде 300 мың теңгесін шылымға жұмсайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

Болатбек Жиекқұлов (аты-жөні өзгертілді - ред) 40 жылдан аса темекі шеккен. Оның жастық шағы да көк түтінге көміліп, темекіге тәуелділікпен өткен. Бірақ жүрек қан тамыры айналымы нашарлап, өкпесінің жұмыс істеуі тоқтауға шақ қалғанда есін бір-ақ жинаған.

«Темекіге бозбала шақтан әуестендім. 40  жылдан кейін темекі шегуден бас тарттым. Жүрегім  сыр беріп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілдім. Есімді жинап, емделдім. Дәрігер темекіні шекпеуге кеңес берді.  Денсаулыққа қауіпті, жаман  әдеттен бас тартпаса , жүрек қан тамырлары ауруы  асқынып, оған медициналық көмектен тірі қалуым екіталай екенін ескертті», - деді дәрігерлердің көмегі арқылы тірі қалған науқас.

Темекіден құтылу үшін 68 жастағы зейнеткер Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығына көмек іздеп барған. Орталықтың директоры Сапар Рахменшеевтың сөзінше, темекі құрамындағы никотиннен басқа темекі түтініндегі шайыр, аммиак, органикалық қышқылдар сияқты химиялық заттар шылым шегушінің ағзасын бүлдіріп, өмірін қысқартады.

«Қазір науқастың денсаулығы жақсы. Дегенмен адамның өзі бірнеше жыл бойы қалыптасқан әдеттен құтыламын деген шешім қабылдауы керек. Тәуелділіктен арылу оңай емес.  Ашуланып, ұйқысыздық, тәбетін тежей алмау, өз бойын кернеген құмарлықпен арпалысқан емделушіге айықтырудың бұл кесапаттан құтылуға мүмкіндігі бар. Емі бар. Мұндай кезде дәрі-дәрмек тағайындаймыз.  Біздің орталықта  тұрғындарға психологиялық, психотерапиялық көмек көрсетіледі. Ең бастысы шылымға құмар азаматтың «бас тартамын» деген ниеті болу керек. Егер емделушінің  құлшынысы, ниеті болмаса, емнің пайдасы болмайды», - деді  Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Денсаулыққа зияны орасан зор химиялық заттар қан тамырларының қызметін құлдыратып, қан айналымын әлсіретеді. Мұның нәтижесінде темекіге әуес жанның қан қысымы көтеріліп, жүрек қағысы жиілейді. Асқазан жарасы, бедеулік, жүрек сырқаты, қатерлі ісік, сусамыр сияқты жұқпалы емес аурулардың  пайда болуына темекі тікелей әсер етеді.

«Қазақстанда  темекі өнімдеріне тәуелді шылымқұмарлар жайлы статистикалық санақ жүргізілмейді. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде жыл сайын тіркелетін 8 миллионға жуық өлім-жітім жүрек қан тамырлары ауруы, әртүрлі қатерлі ісіктен  қант диабетінен емес, осы дерттердің пайда болуына және сырқаттың өршуіне өте жоғары қауіп тудыратын темекінің көк түтіні екен. Халықаралық ұйым  2025  жылға дейін жер шарында  23 миллион адам шылымға құмарлықтың салдарынан  зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағуда», -деді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының баспасөз қызметі.

Көк түтінге тәуелді жандар насыбайды тұтынып, шылым шегуден құтылдым деп ойлайды. Алайда мамандар бұл өз-өзін алдау дейді.

«Өкінішке қарай, олардың  құрамындағы зиянды заттардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Шылым шеккенде никотин қанға өкпе арқылы тарап, ағзаны улайды. Өкпе тазарады деген мәлімет жалған.  Насыбай атқанда зиянды заттар ауыз қуысының қан тамырлары арқылы қанға түсіп, ауыз қуысының, өкпенің, асқазанның қатерлі ісігінің пайда болуы мүмкін. Өйткені насыбайдың құрамында тауықтың қиы, әктің суы, сексеуілдің күлі, қарағаштың шайыры, темекінің жапырағы бар. Насыбай атқан адам да никотинге тәуелділіктен зардап шегеді. Қазіргі таңда сәнге айналған электронды темекі де қауіпті», - деді орталықтың  директоры.

Темекі шегу ағзаны аздырып, ми қызметін әлсіретіп, ерте қартаю үдерісін жеделдетуге әсер ететін улы түтін. Мамандарыдң пікірінше, шылымқорлардың  отбасылық бюджетіне әкелетін  шығыны да қомақты.

«Елімізде бір қорап темекінің орташа бағасы 750  теңге. Никотинге тәуелді адам күніне бір қорапты тауысып, айына 22500 теңге, жылына 300 мыңға жуық теңгесін көк түтінге жұмсайды. Ал ондай адам он жылда маңдай терімен тапқан 3 миллион теңгесін қоқысқа лақтырады. Психологтар шылымқұмарлықтан ертерек арылып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады», - деді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары.