ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Президентінің Жолдауы
ҚР Президентінің Ресми сайты
Қазақстан-2050 Мәңгілік Ел

 

Алматы тұрғыны 40 жылдан кейін темекі шегуден бас тартты. Шылымға құмар азамат жүрек сырқаты сыр беріп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіледі.
Есін жиып, емделген науқасқа дәрігерлер темекіні шекпеуге кеңес береді. Денсаулығына қауіпті әдеттен бас тартпаса , жүрек қан тамырлары ауруы асқынып, оған медициналық көмектен тірі қалуы екіталай екенін ескертеді. Көк түтінге бозбала шақтан тәуелді 68 жастағы алматылық Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығына шипа іздеп барады. Бұл жайында орталық директоры Сапар Рахменшеев хабарлады.
-8 жылдан бері темекіні аузына алмайды . Қазір денсаулығы жақсы. Дегенмен науқас бірнеше жыл бойы қалыптасқан әдеттен құтыламын деген шешім қабылдауы керек. Тәуелділіктен арылу оңай емес. Ашуланып, ұйқысыздық , тәбетін тежей алмау, өз бойын кернеген құмарлықпен арпалысқан емделушіге айықтырудың , бұл кесапаттан құтылуға мүмкіндік бар. Емі бар. Мұндай кезде дәрі-дәрмек тағайындаймыз. Біздің орталықта тұрғындарға психологиялық, психотерапиялық көмек көрсетіледі. Ең бастысы шылымға құмар азаматтың « бас тартамын» деген ниеті болу керек. Егер емделушінің құлшыныс , ниеті болмаса, емнің пайдасы болмайды, -дейді орталық директоры Сапар Рахменшеев.
Қазақстанда темекі өнімдеріне тәуелді шылымқұмарлар жайлы статистикалық санақ жүргізілмейді. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жер бетінде жыл сайын тіркелетін 8 миллионға жуық өлім-жітім жүрек қан тамырлары ауруы, әртүрлі қатерлі ісіктен қант диабетінен емес, осы дерттердің пайда болуына және сырқаттың өршуіне өте жоғары қауіп тудыратын темекінің көк түтіні екен. Халықаралық ұйым 2025 жылға дейін жер шарында 23 миллион адам шылымға құмарлықтың салдарынан зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағып жатыр.
Темекі құрамындағы никотиннен басқа темекі түтініндегі шайыр, аммиак, органикалық қышқылдар сияқты химиялық заттар шылым шегушінің ағзасын бүлдіріп, өмірін қысқартады дейді Сапар Рахменшеев. Денсаулыққа зияны орасан зор химиялық заттар қан тамырларының қызметін құлдыратып, қан айналымын әлсіретеді. Мұның нәтижесінде темекіге әуес жанның қан қысымы көтеріліп, жүрек қағысы жиілейді. Асқазан жарасы, бедеулік, жүрек сырқаты, қатерлі ісік , сусамыр сияқты жұқпалы емес аурулардың бас көтеруіне ықпал етеді.
-Көбінесе көк түтінге тәуелді жандар насыбайды тұтынып, шылым шегуден құтылдым деп ойлайды. Өкінішке қарай олардың құрамындағы зиянды заттардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Шылым шеккенде никотин қанға өкпе арқылы тарап, ағзаны улайды. Өкпе тазарады деген мәлімет жалған. Насыбай атқанда ауыз қуысы арқылы ауыз қуысының, өкпенің, асқазанның қатерлі ісігінің пайда болуы мүмкін. Өйткені насыбайдың құрамында тауықтың қиы, әктің суы, сексеуілдің күлі, қараағаштың шайыры ,темекінің жапырағы бар. Насыбай атқан адам да никотинге тәуелділіктен зардап шегеді. Қазіргі таңда сәнге айналған электронды темекі де қауіпті, -дейді орталық директоры.
Темекі шегу ағзаны аздырып, ми қызметін әлсіретіп, ерте қартаю үдерісін жеделдетуге әсер ететін улы түтін. Шылымқорлардың отбасылық бюджетіне әкелетін шығыны да қомақты. Елімізде бір қораптың орташа бағасы 750 теңге . Никотинге тәуелді адам күніне бір қорапты тауысып, айына 22500 теңге , жылына 270 000 мың теңге көк түтінге жұмсайды. Ал он жылда 2 миллион 700 мың маңдай термен тапқан ақша қоқысқа лақтырады. Психологтар шылымқұмарлықтан ертерек арылып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Жазира Бегалы журналист