Бүгін Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының қызметкерлері жұмыс күнін ерекше флешмобпен бастады. Психологтар, психиатрлар, мейірбикелер есірткінің зияны мен зардабын дәріптеп, би биледі. 26 маусым -Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні . Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1987 жылы нашақорлықтың алдын-алу, оның салдарына назар аударуға , күресуге үгіттеп, нашақорлықтан азат әлемдік қоғам құруға бағытталған күнді белгіледі.
Орталықта 54 науқас есірткі заттарына тәуелділіктен емделіп жатыр. Алып қалада 4652 тұрғын наркологиялық есепте тұр. Олардың 3483 алкогольді сусындарға , 1169 есірткі заттарына тәуелді. Сонымен бірге 940 алматылық қыз-келіншек те наркологиялық есепке ілінген. Орталық директоры Сапар Рахменшеев ата-аналарды балалардың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады.
- Өкінішке қарай синтетикалық есірткі арзан, интернет арқылы қолжетімді. Елімізде есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан бұл індетке құрық болмай тұр. Енді оның уыты героиннен екі есе күшті болуымен қауіпті. Әсіресе жастар психобелсенді заттардың дәмін бір мәрте көремін деп, өмір-бақи оған байланып қалатынын түсінбейді. Әрі қарай сол құмарлықтың құлына айналып, жұмысқа, оқуға зауқы болмайды. Үйіндегі бағалы заттарды ұрлайды, базар, дүкен тонайды, басқа да қылмысқа ұрынады. Тұтынушының денесін ғана емес, санасын да улаған есірткі қан айналымы, жүйке қызметі ,іш құрылысы, ойлау қабілетінің қызметін тежейді. Ең сорақысы оған тәуелділіктен айығу оңай емес,- дейді орталық директоры .
Бүгін мәжбүрлі түрде емдеу бөлімінде тепсе темір үзетін зіңгіттей емделушілер футболдан , армрестлингтен жарыста бақ сынады. Орталық басшылары жеңімпаздарды марапаттады. Қала тұрғындары ашық есік күнін ұйымдастырып, кәсіби мамандар кеңес берді. Сонымен бірге тәуелсіз қоғамдық ұйым өкілдері науқастарға семинар өткізіп, өздерінің осы тәуелділіктің шырмауынан қалай құтылғанын баяндап, оларға психологиялық тренинг өткізді. Бүгін орталық қызметкерлері «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында жұртшылыққа есірткінің денсаулыққа зиян, адам өмірін талқандап, болашағына балта шабатын, әр шаңыраққа қасірет әкелетін қасірет екенін насихаттап, құмарлықтан бас тартуға, аулақ болуға шақырды . Орталыққа келушілер емделушілердің шеберханада өз қолымен жасаған түрлі туындыларын көріп, таңдай қақты. Көрмеге қойылған әрбір заттың астарында автордың есірткіге елітіп, арманынан айырылып қалған ойы, мұраты менмұндалап тұрғандай.