ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Президентінің Жолдауы
ҚР Президентінің Ресми сайты
Қазақстан-2050 Мәңгілік Ел

         ІШІМДІКТЕН ҚАЛЫСПАЙ КЕЛЕМІЗ БЕ?

Алматы қалалық наркологиялық  және   әлеуметтік-экономикалық қайта қалпына келтіру орталығында Санкт-Петербург қаласының  В.М. Бехтерев атындағы психо­невро­логиялық ғылыми-зерттеу институтының психо­троптық заттарға клиникалық-санитарлық жаңа зерттеулер жүргізу бөлімінің ғылыми жетекшісі, медицина ғылым­дарының докторы  В.Л. Козловскийдің қатысуымен шебер­лік сыныбы өтті.

  Ресейлік маманның қатысуымен өткен бұл басқосуға Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ж. Қасым­жанова қатысты. Шеберлік сыныбы басталмас бұрын,  Ж. Қасым­жанова бастап,  осы дәріске қатысушылар  орталықты аралап, ондағы емделіп жатқан науқастармен жүздесіп, орталық қызметкерлерінің маскүнемдік  пен нашақорлық  дертін емдеу іс-тәжірибе­лерімен танысты.  Ресейлік  нарколог  орталықтағы  емделу­шілерге жасалып отырған жағдайларға,  алматылық наркологтардың науқастарды емдеу тәсілдеріне, оларға көрсетіліп отырған психологиялық-әлеуметтік көмектерге  жоғары баға берді. Алматы қаласындағы маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы  күрес шара­ларының жоғары деңгейде жүргізіліп отырғанын   айырық­ша  атап өтті. Әйтседе,  Владимир Леонидович Козлов­скиий    «ішімдік ішу жағынан Қазақстан мен  Ресейдің көрсеткіші бірдей» дегенде зәреміз зәр түбіне кеткені сондай,  «Не дейді?» деген ащы сауалдың аузымыздан қалай шығып кеткенін білмей қалдық.  130 миллион халқы бар Ресей мен 17 миллион халқы бар Қазақстан арақ пен есірткі тұтыну жағынан теңессе, жетіскен екенбіз дедік. Бірақ, журна­листер  ресейлік маманның бұл пікірімен келіспейтіндерін  білдіріп, біраз қызу талқылау жүрді.  Әйтседе, орталықта  емделіп жатқан  тепсе темір үзетін ерлер мен бір-бір отаудың шамын жарқыратып отыратын қыз-келіншектердің  шөлмек қуып, маскүнемдік ауруынан емделіп жатқандарын көргенде,  Козловскийдің  сөзінің  жаны бар ма  деп те қала­сың. Орталықтың директоры Г. Сүлей­менованың айтуын­ша, жыл басынан бері 24 258  науқас есепке алынып, ем қабыл­дап, 275 науқасқа сауықтыру шаралары көрсетіліпті. 800-ден астам науқас есептен шығарылған. Бұл өз  еріктерімен және отбасы мүшелерінің өтініші арқылы келіп емделіп жатқандар екенін ескерсек,  арақ деген әзәзілдің құшағы­нан ажырай алмай жүргендері қаншама десеңізші.   Орта­лық мамандары осы жаман-әдет дағдылардан жастарды арашалау мақсатында бүгінгі таңда Студенттер еханасымен бірлесіп, маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу шараларын қолға алыпты. Осы жылдың басынан бері 11 мыңға жуық студент тексеруден  өткізіліп, ішімдік пен есірткіге құмарлығы анықталған жастар ем алуға жолда­ныпты. Емделуге жолдама алғандардың  30-ы  ішімдік ішу бойынша болса, 13  студент есірткіні алмас­тырғыш канна­биоидті қолданғандары үшін ем алуға жіберілген.  Ал 150  студент темекіден емделгісі келетіндерін білдірген.

– Бүгінгі басқосудың маңызы өте зор. Жасыратыны жоқ, маскүнемдік — емделуі қиын  аурудың бірі.  Әйтседе, қоғам болып осы дертке қарсы күрес жүргізуіміз қажет. Ішімдік ішу көрсеткіші  Алматы қаласында  бұрнағы жылдармен салыстырғанда төмендеп келеді.  Қазіргі таңда маскүнемдік дерті 25 пайызға, ал есірткі тұтыну 5 пайызға төмендеп отыр. Дегенмен,  маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жетілдіріп, осы бағыттағы жұ­мысты жандандыра түсуіміз керек.  Сонымен қатар, әлеу­меттік көмек көрсетудің  жаңа механизмдерін қарастыруы­мыз керек. Сауықтыру шараларынан кейін де психоло­гиялық қолдау көрсету және жұмысқа орналастыру сияқты тұрақты көмек жағдайын қарастыруға тиістіміз. Биылғы жылы  Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен осы наркология­лық орта­лық арасындағы  меморандумға сәйкес, тек 40 науқастың ғана жұмысқа орналасуы қарастырылған. Ал біз  маскүнем­дік дертінен толық айыққан, нақты өмір сүру деңгейіне көтеріліп, отбасына оралған азаматтарды қатарға қосуымыз  қажет. Ол үшін орталықта барлық жағдай қарас­тырылған.  Еңбекке баулитын   шағын бөлмелердің ашылуы да емделіп жатқан азаматтардың санасын оятар деген үміттеміз,– дейді қалалық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жанат Кәкімсейітқызы Қасымжанова.

 

Орталыққа келіп емделіп кетіп, қайта түсіп жатқан ерлер мен әйелдерді көргенде Денсаулық сақтау басқармасы басшысының «санасын ояту»деген сөзін ойға алдық.   Қоғам қанша күш салып, маскүнемдік дертінен айықтыруға тырыс­қанмен, адамның өз ерік-жігері мықты болып, маскүнемдік дертінен айығам деп  алдына саналы  түрде мақсат қоймаса, бүкіл еңбек зая кететін секілді.  Бір маскүнемді сауықтыру үшін орташа есеппен айына 120-125 мың теңге жұмсалады екен.   Ал осы маскүнемдікке шалдыққандарды емдейтін дәрі­гер­лер айына 60 мың, мейірбикелер 45 мың теңге айлық ала­ды екен.  Қазіргі жас пен кәрінің ұртында жүрген насыбай­дың дерті тіпті зор көрінеді.  Дәрігерлер бүгінгі жастар ара­сын­дағы белсіздік пен бедеуліктің кең етек алып келе жат­қан­дығына  ішімдік,  шылымқорлық, есірткі және насы­бай  шегушіліктің де себеп болып отырғанын айтып, дабыл қағу­да.  Қызы мен ұлы жарысып шылым шегіп, сыра ішіп, шарап ұрттап, түнгі клубтарды  өмір сәніне айнал­дырып бара жат­қан ұлтымыз­дың болашағы не болар екен деп  алаңдауы­мыздың себептері аз болмай тұр.  Жастары­мызға жаратқан сана берсін дейік. Бабаларымыз да «бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген сөзді қатал да болса текке айтпаса керек…