Тағдыр. Талқы. Таңдау
«Есірткіге тәуелді адамды есірткімен емдейді» дегенді естіп көргеніңіз бар ма? Еуропа елдері мұндай тәсілдің талайын тәжірибе жүзінде тексеріп тастаған екен. Қазақстан Германияда қолданысқа енген анашаның баламасы метадонмен нашақорларды емдеуді қолға алған. Бүгінде Өскемен, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Орал, Семей, Екібастұз қалаларында пилоттық жобасы жүзеге асып жатқан бағдарлама 400 нашақорды сайтқа енгізе алады. 300-ге жуық есірткіге тәуелді адам сайтқа тіркеліп, 3-5 жылдың шамасында метадон қабылдап келеді екен. Метадон – анашаның баламасы, синтетикалық дәрі.
ШҚО-да 14 мыңнан астам нашақор ресми тіркелген. Өскемен қаласындағы облыстық наркологиялық орталықта 33 адам (квота 50 адамға) метадон қабылдайды. «Біреу дәмін көріп, бас тартып жатады, енді бірі «ләззат» алмағаннан кейін, қайтадан анаша қабылдауды жалғастыруда, кейбіреуі күнде наркодиспансерге келгісі келмейді, еліміздегі 869 науқастың 400-і бас айналу, құсу сынды жағымсыз әсерден кейін кетіп қалды, кейбірі пайдасын түсініп, қайта оралуда» дейді бас дәрігердің орынбасары Юрий Бауэр. Мамандар метадонның екі пайдалы тұсын алға тартады. Дәрі сұйықтық ретінде ауыз қуысы арқылы қабылданады. Яғни ине арқылы таралатын СПИД-тің қаупін азайтады. Елімізде ВИЧ-тің таралатын үш жолы бар десек, соның басым бөлігін нашақорлар ине арқылы таратады екен. Бұл – бір.
Екіншісі, метадон анаша секілді трансқа түсіретін «ләззат» сыйламайды, тек дененің ауырсынуын ретке келтіреді. Бұл – нашақордың қалыпты тұрмысқа оралуына, өлім қаупін азайтып, өмір сүру сапасын арттыруға жәрдемдеседі. Десек те, бір есірткіден екінші есірткіге отырғызудың пайдасын көрмеген қарсы топ өз пікірлерін айтуда. Қоғамда аса айтыла бермейтін мәселенің мән-жайын білу үшін «ВИЧ статусымен өмір сүретін адамдардың одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Өскемен қаласындағы Облыстық наркологиялық диспансерге ұйымдастырған пресс-турына жол тарттық.
ТАҒДЫР
Бастапқыда Өскемен қаласындағы облыстық наркологиялық орталықтың ішіндегі кішкене темірмен бекітілген терезеге телмірген тұрғындар «неге «таласып» жатыр?» деген ойға қаласың. Таңды аман-есен атыра салысымен, алғашқы келетін жерлері осы. Таңғы сегіз бен он аралығында ғана метадон беретін мекемеге мерзімінен кешікпей жету керек. Метадонды бір күн қабылдамаса, қалыпты күйінен арылып, денесі ауырсынып, тамаққа тәбеті болмай, ұйқысыздыққа бой алдыратын есірткіге тәуелді тұрғындар тура сегізде діттеген жерге жетеді. Тіпті, қатаң уақытқа үйреніп алғандарын айтады. «Ес жиғанда ең бірінші ойлайтының – есіркіге ақша іздеу, сосын анаша сататын адам табу. Ине салдың, уақытша трансқа түсу, бір сәттік «ләззат», дененің ауырсынуы және қайтадан сол шексіз шеңбер басталады» деген Света сол тозаққа бергісіз тіршіліктен арылғанына тәубе етеді. Өскемен қаласы бойынша метадон қабылдайтын есірткіге тәуелділердің тізімі – 33 адам. «Бағдарламаға қатысты пікір білдіре алатын адам бар ма?» деген сауалымызға сол отыздың барлығы бірден келісті. Сұхбат барысында тағдырдың қиын тәлкегіне түскен жандардың жүрек түбіндегі қорқынышын түсінгендей болдық.
Опиоидты орын алмастыру бағдарламасына ену үшін (метадонды қабылдау үшін) 18 жастан асқан ҚР азаматы, есірткіге тәуелділік бойынша наркологиялық диспансердің тіркеуінде тұру керек.
Өмірден мән кетті, өлімге жүрек дауаламады
Константин ПЕРЕГОЖИН, 46 жаста:
– Тәңір бұ дүниеде де тағдырдың «тозағын» көрсетті. 24 жыл анашаның арбауында болдым. Талай рет түрменің де түрін көрдім. Сол кездегі тіршілігімді ойлап кетсем, жаным түршігеді. Есірткіге ақша іздеумен таңды атырып, қажет мөлшерін сатып алып қабылдап, кешті батырасың. Тонау, төбелес деген күнделікті әдетке айналған тірлік. Есірткінің соңында есіріп жүргенде, саналы ғұмырым өте шықты. Отбасы, туған-туыс, дос-жаран жәрдемдесу былай тұрсын, сәлемдесуден қалды. Өмірден мән кетті, өлімге жүрек дауаламады. 70-80 жылдары дүниеге келген бүтін бір ұрпақ есірткіге салынып кетті ғой. Қанша дос, қаншама замандас өтті өмірден...
Бірде осы бағдарлама туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін еріктілер тобы таза ине ұсынып, есірткіге тәуелді топты анықтап жүр екен. Сол тәуелділердің тізіміне мен де іліктім. Бағдарламаға қатысу туралы біраз ойландым. Тәулік өтісімен тәуекелге бел будым. Метадонды қабылдап жүргеніме төрт жыл уақыт өтті. Метадон дененің ауырсынуын басады, бірақ «ләззат» сыйламайды. Алғашқы уақытта қайтадан анаша қабылдағың келіп тұрады. Осы тұста дәрігерлер мен психолог мамандардың көмегі аса қажет. Қазір жұмысқа орналастым, жағдай жасадым, жар таптым, бала сүйдім. Таңертең сегізде келіп сегіздік дозаны қабылдаймын да, тоғызда жұмысқа жетем. Өмірімнің бұл көлеңке тұсын әріптестерім білмейді.
Толыққанды адам ретінде өмір сүру үшін метадонға тәуелділіктен арылу керек. Қазір мұндай қадам жасауға батылым бармайды. Өзіме деген сенімсіздік басым. Бірақ адамды «қажет дозаны қабылдап үлгермей қалсам, не болады?» деген қорқынышпен өмір сүру де қажытады екен.
Ажалы анашадан бола ма деп...
Татьяна Сергейқызы (Сергейдің анасы):
– Тоқсаныншы жылдан бері есірткінің түр-түрі жастар арасында сұмдық таралды. Анашаның арбауында кеткендердің кейбіреуі түрмеге тоғытылды, енді бірі о дүниелік болып кетті. Жұрттың арасында жүргеннен кейін, түрлі оқиғаның куәгері болдық қой. Бірақ балам анашаны қабылдамақ түгілі, аузына арақ алмайтын. Қоғамдағы құбылысқа қанша алаңдасам да, балама сеніп жүрдім. Оның үстіне, жастардың өтпелі кезеңінде тәртібі түзу болды. Әйтсе де, Сергейім әскерден келгеннен кейін әбден әуреге салды. 23 жыл анашаға тәуелді болды. Түрмеге төрт рет тоғытылды. Есірткіге ақша табамын деп біреуді тонап, тағы түрмеге отырмасын деген оймен қарызға белшемнен баттым. Көмек сұрап бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Үйде де, түзде де емдетуге тырыстым. Нәтиже жоқ. Учаскелік бөлімше қызметкерлері метадон бағдарламасы туралы айтып жүретін. Алғаш естігенде ат-тонымды ала қаштым. Кейін шарасыздықтан зерттей бастадым. Бұл бағдарламаға қатысып, түзеле бастаған жігіттерді көрдім. «Өліп кетсе –Құдайдікі, өлмесе – өзімдікі» деп шешім қабылдап, ұлыма ұсыныс тастадым. Оның үстіне, екеуі де есірткінің түрі. «Бағдарламаға қатыспаса да, ақырғы ажалы анашадан ғой, қанша ғұмыры қалды дейсің» деген ой келді. Метадонды қабылдап жүргеніне үш жылдан асты. Дәрігер тағайындап берген дозасы бар. Соған сәйкес таңертең күніне бір уақыт ішеді. Қазір жұмыс істейді. Екеулеп қарызды қайтарып жатырмыз. 23 жыл қорқынышта өткен өмірімде үш жылдан бері бір үміт пайда болғандай. Бұл бағдарламаны мемлекет қолға алса екен деймін. Қазір қаржыландырып отырған қор қай кезде демеуші болудан бас тартатынын білмейміз ғой. «Өскемен қаласына метадон келмейтін болды» деген жағдайды есту былай тұрсын, елестетуден қорқамын. Осы мәселеде бізге көмек керек.
Метадоннан соң босанған ана
Люба, 31 жаста:
– Анашаға әуес болуды бірінші күйеуімнен үйрендім. Алғашқыда жолдасымды емдету үшін біраз жүгірдім. Нәтиже болмады. Өмірден қажыдым, демалғым келді. Демеуді анашадан іздедім. Тек бір рет көремін деген ой болды. Содан он жылдан астам уақыт көше кезіп, есірткі сатып алу үшін талай сандалдым, адам санасына кіріп-шықпайтын ұрлыққа бардым. Түрмеге түспесем де, талай рет уақытша қамақта болдым. Күйеуімді кезекті бір қылмысы үшін түрмеге тоғытқаннан кейін, өмір тіпті қиындай түсті. Барар жер, басар тауым қалмады. Өлгім де келді. Бірде құрбым осы бағдарлама туралы айтып, метадонды қабылдап көруді ұсынды. Света өзі де осы бағдарламаның тіркеуінде тұрған. Еш ойланбастан тәуекелге бардым. Тіркеуде тұрғаныма төрт жыл болды. Бұған дейін үш рет наркологиялық диспансерде емделдім. Нәтиже болмады. Қалай «қамаудан» шығам, ескі достарыма қосылам, есірткі іздеймін. Метадонды қабылдаған күннен бастап өмірге қайта келдім, қалыпты тіршілікке араластым, тұрмыс құрдым, белгіленген мөлшерді ішіп жүріп дүниеге ұлымды әкелдім. Жолдасым ешқашан есірткі қабылдап көрген емес. Барлық жағдайдан хабардар. Метадон қабылдауыма қарсы, бірақ қолдау көрсетеді. Алдағы күнге жоспар құрамын, баламды жеткізсем, басқаша тәрбиелесем деп ойлаймын. Бірақ бағдарлама тоқтаған күні тіркеуде тұрғанның біразы бұрынғы «тозақ» күндерге оралады. Себебі, сенім жоқ. Қоғам, билік «есірткіге тәуелді адамды есірткімен емдегені қалай?» деп түсінбеуі мүмкін. Бірақ қант диабетімен ауыратын науқастың инсулин қабылдау керектігі сияқты қараса екен деймін. Тіпті, біз ешкімге жария етпей-ақ қабылдап жүре берейік. Себебі, бағдарлама көше кезіп, анаша іздеген нашақорды біраз қылмыстан құтқарады, жұқпалы дерттің алдын алады. Кезіндегі көше кезген таныстарымның көбі көз жұмды. Менің түсінігімде нашақорлықтан емделу мүмкін емес. Метадон есірткіге тәуелділікті жоймағанымен, саналы әрі сапалы өмірді ұзағырақ сүруге мүмкіндік береді.
Метадонның бір милиграмы бір доллар тұрады. Оңалту орталықтарындағы бір күндік ем қабылдау орта есеппен 8500 теңге, ал жеке клиникаларда 15000 теңге.
ТАЛҚЫ
Қазақстан, Ресей, Ауғанстан шекарасы арқылы жылына жүз мыңнан тоннадан астам анаша өтеді. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде елімізде есірткіге тәуелді адамдар жетпіс мыңнан асады. Бұл – тіркеуде тұрғандардың есебі бойынша жасалған тізім. Ал тіркеуде жоқ нашақорлардың саны жарты миллионға жуық. Күн санап артып келе жатқан нашақорды емдеу халықаралық күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Дәрігер, ғалым, психолог, діни ұйымдар қауқары жеткенше жан-жақтан көмек көрсетуде. Десек те, сол мамандардың арасында да пікір қайшылығы кездеседі. Мәселен, Республиканың он ірі қаласында опиоидты орын алмастыру бағдарламасы жұмыс істейді, метадон қабылдайтындар саны 265 адам. Бірақ негізгі Астана, Алматы қалаларында бұл бағдарламаға тыйым салынған. Неге?
Флюра НАЗЫРОВА, дәрігер-нарколог:
– Метадон – синтетикалық дәрі, анашаның баламасы. Алғашқыда Германияда метадонды ауырсынуды басатын дәрі ретінде қолданысқа енгізді. Әр қабылдаушыға мөлшері белгіленген, сұйықтық түрінде беріледі. Алдымен 30 мг мөлшер тағайындап, науқасты бақылаймыз. Әртүрлі факторларды ескере отырып, мөлшерін көбейтеміз. Бүгінде ең жоғарғы мөлшер – 200 мг. Бағдарламаның саясаты – науқасқа белгіленген мөлшердің шегін уақыт өте азайта отырып, тәуелділікті жою. Ал метадонды қабылдау барысында нашақорлардың артық мөлшерде анаша қабылдауынан өліп кету қаупін азайтып, өмір сапасын арттыру. Яғни анашаға ақша табу мақсатында кезігетін қылмысты азайту, ине арқылы СПИД жұқтыру қаупін төмендету, әлеуметтік тұрмысқа бейімдеу және тағы басқа. Есірткіден емдеудің бірден-бір жолы метадон деуден аулақпын. Бірақ қоғамдағы нашақорлықпен күресуге арналған кез келген бағдарламаның өмір сүруге, көмек көрсетуге құқы бар деп есептеймін.
Роза ТӘТИЕВА, медициналық-әлеуметтік жұмыс жөнінде бас дәрігердің орынбасары:
– Метадон – есірткіге тәуелді адамдарды емдеуге арналған опиоидты орын алмастыру бағдарламасы. Алматы қаласы бойынша бұл бағдарлама қолданыста жоқ. Себебі, метадон медициналық тұрғыда да, азаматтық көзқарас тұрғысынан да қажет емес. Бағдарламаның тіркеуіне алынып, метадонды қабылдаған адам сол есірткінің екінші түріне тәуелді болады. Яғни өзге қалаға шыға алмайды, мереке күндері ел қатарлы демалыс көрмейді. Дәрі науқастың қолына берілмейді, дәрігердің қадағалауымен ішіледі. Тек ақша жұмсап, сырттан сатып алмайды дегені болмаса, тәуелділік сол күйінде қалады. Есірткіден еркімен емделем деген адам ғана қол үзе алады. Психологиялық тұрғыда адам сапалы өмір сүруге талпыну керек. Нашақорлық – созылмалы ауру. Яғни он жылдан астам есірткіге тәуелді болған адамның метадонды қабылдау барысында белгілі уақыттан кейін тастап кетуі мүмкін деген болжам жасау қиын.
ТАҢДАУ
Нашақорлық – созылмалы дерт. Медицина тек сол дерттің қайталануы кезінде бетін қайтаруға жәрдемдеседі. Дүниежүзінде барлық есірткіге тәуелді тұлғаларға сай келетін емдеу тәсілі жоқ. Мұны халықаралық деңгейдегі нарколог-дәрігерлер де мойындаған. Бірі – денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандартқа сәйкес емдейтін мекемеден, енді бірі – метадоннан ем іздейді. Еуропа мемлекеттерінде есірткінің өзге түрімен де емдейтін тәсілдер бар. Тіпті, АҚШ-та анашаның мөлшерін қажет деңгейде белгілеп, ем-дом жүргізеді екен. Елімізде мұндай есірткінің орнын алмастыратын терапиялар туралы пікір қарама-қайшы. Қарсы топ көп, қабылдап жүргендердің қорқынышы басым. «Нашақорды метадонмен емдеу араққа салынған алқашты коньякпен емдеу керек дегенмен бірдей» дейтін қарсы топтың пікірі орынды. Себебі, ШҚО бойынша 2014 жылғы дерекке сүйенсек, методонды қабылдау үшін тіркеуге тұрған 115 адамның 33 ғана тәуелділіктен арыла алған. Бірақ кейіпкерлердің жүрек түкпіріндегі қорқынышын ойласақ, кезі келгенде олар да өздігінен бағдарламаны аяқтауға талпынар деп үміттенесің. Бәлкім, Еуропа елдеріндегідей емдеу жолын есірткіге тәуелді жанның таңдауына қалдырамыз?!
Бүгінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі метадонды дәрі ретінде тіркеу жөнінде мәселені қарастыруда.
Айдана НҰРМҰХАН, Алматы–Өскемен–Алматы
http://aikyn.kz/ru/articles/show/10105-nasha_ordy_es_rtk_men_emdeim_z_be_