«Тылсым» дауыстың бұйрығы
Дамыған технологияның қызығын есірткі саудалаушылар да кеңінен көре бастады. Синтетикалық (химиялық қосындыдан жасалатын есірткі), психотроптық есірткінің түр-түрін сайт арқылы сатып, терминалдың Qiwi әмияны арқылы құнын төлетеді. Сондықтан да ол наркобизнесмендерді қылмыс үстінде құрықтау полиция үшін оңайға түспей отыр. Қолжетімді әрі жастар арасында сәнге айналған синтетикалық есірткінің ауыр зардабы жайлы әңгіме ғаламторда көбейіп кеткен. Жасанды есірткі қаншалықты қауіпті?
Героин «геройы»
16 жыл бойы героин пайдаланған 30 жастағы Ермекпен (есімі өзгертіліп алынды) әңгімелесудің сәті түсті.
– Ермек, ең алғаш неше жасыңызда есірткінің дәмін таттыңыз?
– 14 жасымда. 7-сыныпта оқып жүрген кезімде героинді иіскеп көрдім. Ұнағаны сондай одан бас тарта алмадым. Көп ұзамай есірткіні қан тамыр арқылы қабылдай бастадым.
– Ата-анаң сенің нашақорлыққа салынғаныңды байқамады ма?
– Анам да, әкем де байқамады.
– Ол кезде мектептегі оқушысыз. Табыс таппайсыз. Сонда есірткіге ақшаны қайдан алдыңыз?
– 1999-2000 жылдары бір чек
(1 гр) героин арзан болатын, 500 теңге. Героинге ақшаны ата-анамнан алып тұрдым. 17 жасқа келгенде ата-анам менің нашақор екенімді біліп, емдетті. Дегенмен, біраз уақыт өткен соң, ескі әдетіме қайта бастым. Қазір есірткінің 1 грамы 6 мың теңге. Күніне 3-4 рет пайдалануым үшін 18-28 мың теңге ақша керек. Оған таксимен барып-қайтуымның, салатын иненің бағасын қосыңыз.
– Ғаламтор арқылы есірткі сатып алып көрдіңіз бе?
– Өзім сатып алып көрген жоқпын. Танысым сатып алады. Сайт арқылы JWH, «Кристал», «Легалка» сатып алады (синтетикалық есірткі).
– Қасыңызда синтетикалық есірткіден емделген адам болды ма?
– 4 ай бұрын синтетикалық есірткіні пайдаланған жігітті көрдім. Түні бойы сандырақтап, айқайлайтын. Қорқынышты түс көріп, қалтырап оянатын. Сосын ұйықтай алмай бөлмеде арлы-берлі жүретін. Есінен де танып қалатын.
– Оны қалай сатып алады?
– Сайттан телефон нөмірін алып сөйлесесің. Сосын 5 мың теңгені терминалдың Qiwi әмияны арқылы төлейсің. Ақша түсті-ау деген уақытта қайта телефон шаласың. Ол есірткіні тығып қойған орынды айтады. Белгілі бір мекенжайда тығылып тұрған есірткіні барып аласың. Толық сенімге кіргенше есірткі сатушы бізбен кездеспейді. Олар өте сақ жүреді. Телефон нөмірін жиі ауыстырады. Сондай-ақ синтетикалық есірткіні түнгі клубтан да алуға болады. Барменге барып «бой жазатын не бар?» – десеңіз, қалаған есірткіні әкеліп береді. Бұл жерде де адам сол клубтың көз таныс, сенімге кірген тұрақты клиенті болуға тиіс.
– Есірткінің қандай түрін пайдаландыңыз?
– «Героин», JWH, «Кристал» деген есірткілерді қолдандым.
– JWH деген қандай есірткі?
– JWH ең алғаш пайдаланғанда аяқ-қолымнан күш кетіп, орнымнан тұра алмай қалдым. Одан кейін не болғанын білмеймін. 40 минуттан кейін есімді жисам, сол орнымда отыр екенмін. Өте ауыр тиді. Содан бері JWH-тан түбегейлі түрде бас тарттым.
– Есірткіні қолданғаныңызға өкінесіз бе?
– Әрине, өкінемін. Анама көз жасын төктіріп, оны жан азабына салып қойғаным менің де қабырғама батады. Әйеліммен ажырастым. 9 жастағы ұлым әкесіз өсіп жатыр. Ұлымды өте жақсы көремін. Осы есірткі үшін қаншама рет жұмысымнан айырылдым. Жоқшылық көрдім. Үйден ұрыс-керіс арылмады. Жақын адамдарымның шырқын бұздым. Есірткі менің түбіме жетті. Қазір одан біржолата құтылу үшін 4 айдан бері наркологиялық орталықта ем қабылдап жатырмын.
Қазір жастар арасында психотроптық синтетикалық таблетка пайдалану сәнге айналды. Қызығушылығы артқан жастар «Бір кеште көңіл көтерем де, тастай саламын» деп татып көреді. Бәрі сол дәмін татқаннан басталады. Мамандардың айтуынша, «бейкүнә» боп көрінетін синтетикалық есірткілердің героинді он орап кететін күші бар. Оны бір рет қолданғаннан психологиялық тәуелділік орнайды. Құрдымға тарта беретін синтетикалық есірткі аз уақыттың ішінде ақыл-естен айырып, адамды жындандырып жібереді. Солардың кесірінен өлім-жітім көбейген. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, Алматы қаласы бойынша 9 айдың ішінде есірткіден 400 адам қайтыс болыпты. Алматы қалалық дәрігерлік әлеуметтік саулық наркологиялық орталықта есірткіге тәуелді 2500-ге жуық адам есепте тұр. Тіркелмегені қаншама? Қазір синтетикалық есірткінің 100-ге тарта түрі бар. «Спайс» – бұл психотроптық әсері бар химиялық қосындыдан жасалған синтетикалық есірткі. Оны өндірушілер құрамын жиі ауыстырып, формуласын өзгертіп тұрады. Алматы қалалық наркологиялық орталық зертханасында «джвиаш»-тың екі түрі тест арқылы анықталады. Басқа түрін зертханада анықтау мүмкін емес. Елімізге бұл есірткі АҚШ пен Қытайдан астыртын тасымалданады.
Синтетикалық есірткілердің денсаулыққа қаншалықты зиянын білу үшін Алматы қалалық Дәрігерлік әлеуметтік-саулық наркологиялық орталығының дәрігерлеріне жолыққан едік. Бөлім меңгерушісі Роза Әлімбекова «Синтетикалық есірткіні ұзақ пайдаланушыларда психоз байқалады. Ұйқысыздыққа тап болады. Ақыл-есінен айырылады. Психозы 5-7 күннен 10 күнге дейін созылып кетеді. Мен ұзақ уақыт «спайс» шеккен және «легалканы» қолданған науқасты емдедім. Спайс – марихуана, анаша, гашиштың жасанды синтетикалық түрі. 25 жастағы жігіт екі жыл бұрын есірткіге тәуелділіктен құтылу үшін өз бетінше емделген. Бірақ есірткі есеңгіретіп, екінші қабаттың терезесінен секіріп кетіпті. Науқастың айтуынша, оның көзіне терезенің ар жағында дәліз тұрғандай көрінген. Сол дәлізбен жүрмек болыпты. Аяғы сынған науқасқа жедел жәрдем көрсетіліп, дәрігерлер гипс салады. Соңынан жедел жәрдем көлігі науқасты наркологиялық орталыққа жеткізген. Оған біздің орталықта дәрігер наркологтар, психотерапевтер кешенді түрде көмек көрсетті.
Маман пікірі
Гүлмира Әбдібаева,
Бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары:
Қауіпті елес
«Дәрігерлік тәжірибеміз көрсеткендей, синтетикалық есірткі оның дәмін бір рет татқан адамды өзіне тартып тұрады. Есірткінің басқа түріне қарағанда психологиялық және физикалық тәуелділік тез орнайды. Ағзасы есірткіге тәуелді науқас дірілдеп, қалтырып, бойында қорқыныш сезімі туындайды. Синтетикалық есірткінің көпшілігі шегуге арналған. Сондықтан да адам өкпесінің, қолқасының, тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайды. Адам ағзасы сырттан келген инфекцияға төтеп бере алмай қалады. Есірткі құрамындағы токсиндік заттар қан арқылы миға, денеге тарағанда, орталық жүйке жүйесі уланады. Содан адамда құрысып-тырысып қалу, есін жоғалту, есту және көру галлюцинациясы пайда болады. Кейде тіпті дезориентацияға ұшырайды, яғни жылдың қай мезгілі екенін, қанша жаста екенін білмей қалады. Оларды емдеу өте күрделі. Кейде бір айға дейін созылып кетеді. Орталықтың психолог мамандары көмектеседі. Біздің орталыққа көп жағдайда науқасты жедел жәрдем көлігі, кейде туыстары әкеледі. Олар өзінің кім екенінен, қайда не істеп жүргенінен бейхабар болып шығады. Қыстың қақаған аязында қалың киімсіз, жалаң аяқ жүрген адамдарды да бізге алып келген оқиға болды. Есту-көру елесімен түсетіндердің ішіндегі ең қорқыныштысы – императивтік түрі. Яғни бұйрық беретін елестер. Мәселен, оған «көшеге шық та былай істе немесе өз-өзіңе қол жұмса» деген сияқты дауыс естіледі. Императивті елестің қауіптілігі сол – науқас «тылсым» дауыстың әсерімен қылмысқа баруы мүмкін».
Серік Бесбаев,
аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл:
Оларды құрықтау қиын
«Жедел іздестіру шаралары кезіндегі қолға түскен ақпараттарға сүйене отырып, прокурордың санкциясымен күдік тудырған «Мы вместе», «Однокласники», «Точка рубикс» деген сайттарды тексеріп, қылмысы анықталған соң жаптық. Қылмыстың бұл түрі елімізге былтыр келген. Ғаламтордағы есірткі саудасымен күресу өте күрделі іс. Бір сайт пен топты құрықтасаң, аз уақыттың ішінде екіншісі пайда болады. Есірткі саудалаушылар байланыстың соңғы технологиясын, яғни ұялы телефонды, сайтты, ватсапты пайдаланады. Тауарды сатып алушының қолына бермейді. Белгілі бір жерге тығып кетеді. Ақшаны да терминалдар арқылы қабылдайды. Сондықтан, оларды қылмыс үстінде ұстау біршама қиынға түседі. Екі жақ бір-бірінің сеніміне кіргенде кездесетін уақытты белгілейді. Сол сәтте оларды қылмыс үстінде ұстаймыз. Мәселен, биыл шілде айында ғаламтор арқылы есірткі саудалаушыны құрықтадық. Олар – 26 жастағы Максим Шустов пен 30 жастағы Ирина Геондова. Екеуі де Алматы тұрғыны. Олардың ісі тергеуде жатыр. Сонымен бірге 4 адамнан тұратын Малдажаров бастаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтадық. Олар Қызылорда мен Шудан әкелінген марихуананы бір жыл бойы сайт арқылы саудалаған. Маусым айында сот болып, қылмыскерлерді 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Биылғы 9 айда 165, ал былтырғы осы мерзімде 159 есірткі сатушыны ұстадық».