Қалалық дәрігерлік әлеуметтік-саулық наркологиялық сауықтыру орталығында (ҚДӘСНО) қазанның 17-жұлдызында Қарттар айлығы аясында ашық есік күні өтті. БҰҰ Бас ассамблеясы 1990 жылы 14-желтоқсанда 1-қазанды қарттар күні деп атауға қаулы етті. Бастапқыда қарттар күнін Еуропада, сосын Америкада, ал 80-жылдардың соңында дүние жүзі бойынша атап өту дәстүрге айналды. Қариялар күні Скандинавия елдерінде кең ауқымда тойланады.
Алматыда Қарттар айлығы қазанның 1, яғни Халықаралық қарттар күні басталды. Бағдарламада – қариялардың денсаулығын сауықтыру, олардың өмір сүру деңгейін жақсарту, ауруды болдырмау және салауатты өмір сүруге ынталандыру мақсатында ашық есік күндері, медициналық тексеру, ұзақ өмір сүргендерді құттықтау, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Үлкен буынға құрмет көрсету «Қазақстан -2030» Стратегиясында жүзеге асыруға міндеттелген талаптардың бірі.
Қаламыздың қариялары мен тұрғындарына орталықтың жетекші мамандары ақысыз және құпия түрде кеңестер берді. Сондай-ақ алматылықтар УДЗ, ЭКГ және зертханалық зерттеулерден тегін өтуге мүмкіндік алды.
Шара барысында 3 нарколог -дәрігер , психотерапевт, терапевт және кардиолог, психолог медициналық қызмет көрсетті. 23 тұрғын нарколог дәрігерге, 6 кісі психотерапевтке, 11 адам психологқа, ал 16 тұрғын терапевт және кардиологқа қаралды.
Ал 11 адам психобелсенді заттарды анықтайтын мультижылдам тестін тапсырды, 14 кісі УДЗ, 15 адам ЭКГ, бұған қоса зертханалық тексеруден өтті.