АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен емделген 24258 адамның 800-і ғана есептен шығарылды. Айта кетейік, былтыр осы уақыт аралығында емдеу курсынан 31415 адам өткен. Бұл туралы бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының «Алматы қаласындағы наркологиялық көмекті жақсарту мен жетілдірудің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел барысында наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығының директоры Гүлсара Сүлейменова айтты.
«2015 жылдың 1 жартыжылдығында 801 адам жазылып, есептен шығарылды. Медицина қызметкерлерінің жұмысының арқасында 2014 жылмен салыстырғанда ішімдікке тәуелді адамдардың айығу кезеңі 1-2 жылға дейін ұлғайды. Бұл наркологиялық орталық қызметкерлерінің мемлекеттік көмек аясында атқарып жатқан жұмысының нәтижесін көрсетеді», - деді орталық директоры Гүлсара Сүлейменова.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова наркологиялық орталыққа келушілердің саны азайса да, қалалық ауруханалардың токсикологиялық бөлімдеріне келіп түсіп жатқан науқастардың саны артып тұрғанын атап өтті.
Осы бағытта басқарма басшысы халық арасындағы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын көбейте түсуге кеңес берді.
«Наркологиялық орталық мамандары жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының токсикологиялық бөліміне 20 рет барып медициналық кеңес берген. Өткен жылғымен салыстырғанда 20 пайызға артық. Кеңес беру барысында 244 адамға көмек көрсетілген. Олардың 7-і «ішімдікке тәуелділік» диагнозымен диспансерлік есепке алынды», - деді Жанат Қасымжанова.
Бүгін журналистер наркологиялық орталықтың бөлімшелерінің жұмысымен танысып шықты. Орталықта екі заманауи сараптама орталығымен, уақытша көмек көрсету пунктімен, жан сақтау бөлімі, мәжбүрлеп емдеу бөлімі бар.
Мұнда жылына 80 адам 6 айлық не одан да ұзақ емдеу курсынан өтеді.
Сараптау орталығынан тәулігіне 130-ға жуық сараптау қорытындысы жасалады. Анықтама бөлімі тәулігіне 700-800 анықтама береді.
Одан өзге дөңгелек үстел барысында наркологиялық орталық аясында енгізіліп жатқан жаңа емдеу методикалары туралы тілге тиек етілді.