Өмірдегі ең қорқынышты да, аянышты жағдай — шарасыздық пен мәжбүрлік. Өміріңнің көз алдыңда зуылдап өтіп бара жатқанын көгілдір экран сыртындағы көрермен секілді сырттай бақылап қана қойып, оны өзгертуге, жақсартуға қауқарсыз болу — міне нағыз тозақ. Қазіргі кезде қоғамда өршіп тұрған проблемалардың бірі — нашақорлық. Осы дерттің белең алуына байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі 30 жыл бойы есірткі қабылдаған науқаспен сұхбаттасты. Бейсенбі. Наркологиялық емдеу орталығында жарты жылдай қонақтаған оның тұрақты емделушісі Еріктің (есімі өзгертілді) бүгін көңіл-күйі көтеріңкі. Бұл кездесуде реңі қарауытқан, жүзі солыңқы, өмірге өкпелі, өкініші мен мұңы көп адамды көремін деп келгенмін. Нашақор адамның маскүнем адамнан ешқандай айырмасы жоқ екен.
Орта бойлы, басында сирек қара шаштары ғана қалған, жүзі сынық, бетін әжім басқан Ерікті көргенімде, алдымда мен ойлағандай өмірге өкпесі қара қазан, қорлық көрген адам емес, қарапайым ғана ер адам тұрғандай көрінді. Бірақ, оның жан-дүниесіндегі алай-дүлейді өзінен басқа ешкім сезбесі анық. Шарасыздықты, сенімсіздік пен күмәнді, өз өміріне деген немқұрайлылықты, болашағына деген үмітсіздікті осы ер адам көзінен көрдім. Қарсы алдымда жасы 47-ге келсе де, әлі де есеймеген, ақыл тоқтатпаған ер адам отырды. Жақсы көңіл күйде отырған Ерікті әңгімеге тарттым. Ол маған басынан өткен жағдайын, қалай нашақор атанғанын айтып берді. Жасым 47-де, он сегіз жасымнан анаша шектім. Содан кейін опиумды, героин шыққан соң, героинді көрдім. Қасымда болған адамдардың көбі қайтыс болып кетті. Ол кезде барлығы есірткі шегетін. Қызығушылық болды. Есірткінің дәмін татқым келді. — Қазір 47-десіз. Сонда жиырма тоғыз жыл бойы есірткіге әуес болдыңыз ба? Иә. Соңғы уақыттары герион пайдаландым. Интернет шыққан соң, есірткіні интернет арқылы сатып алып жүрдім. Басында қызық болды. Ештеңе сезілген жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын дәрігерлерге қарала бастадым. Көп жерлерге барып емделдім. Осының кесірінен отбасым жоқ. Бітірген оқуым, мамандығым бойынша жұмыс та істеп көрмедім. — Осы уақытқа дейін қайда жұмыс істедіңіз? Немен айналыстыңыз? Түрлі компанияларда жұмыс істедім. ҚазҰУ-ды заңгерлік мамандығы бойынша бітірген болатынмын. Алайда, өз мамандығым бойынша жұмыс істеу бұйырмады. Әу баста, өз бизнесім болды. Көлік те, мүлік те барлығы болды. Арнайы бақша өсіру, ландшафт дизайнына байланысты курстарды оқып, осы салада жұмыс істедім. — Қазіргі жағдайыңызда қасыңыздағы жақынарыңыз қаншалықты қолдау көрсетіп жатыр? Анам бар. Қарындасым, бауырларым бар. Келіп тұрады. Барлығының өз отбасылары, проблемалары бар. Бірақ анда-санда келіп жағдайымды біліп тұрады. Мен оларға ренжімеймін. — Осы жағдайға түскен соң, сізден теріс айналғандар болды ма? Болды. Дұрыс істеді деп ойлаймын. — Отбасын құрмағаныңызға өкінесіз бе? Өкініш бар. Бірақ бір жағынан отбасын құрғанымда, оларда қиналар еді ғой дей ойлаймын. Жалғызбастымын. Сондықтан, қазір ешкімнің алдында жауапкершілігім жоқ. — Неге өкінесіз? Отбасылы болуға кеш сияқты. Осы бөлімшеде емделіп жатқаныма төрт ай болды. Емделуге өз еркіммен баратынмын. Соңғы жылдары мәжбүрлі түрде емдейтін бөлімдемін. Есірткі пайдаланғаныма өкінемін... — Емделу процесі қалай өтіп жатыр? Қалай сезінесіз өзіңізді? Жақсы. Ем толық көмектесіп жатыр деп айта алмаймын. Әрине, барлығы өзіңе байланысты. Осының алдында ақылы бөлімдерде де емделдім. — Қандай армандарыңыз, жоспарларыңыз бар? Басты арманым — есірткіні тастау. Сонда бәрі жақсы болады. Бір жылдары бірнеше уақыт бойы есірткіні пайдаланбай кеткенмін. Бір рет қана пайдаланам деп ойлайсың, бірақ одан кейін өзіңді тоқтата алмай қаласың. — Нашақорлықтан бір жолата құтылуға болмайды деген пікір бар. Жазылатыныңызға сенесіз бе? Сенемін. Кейде сауыққандай боламын, кейде керісінше өзгеріп кетемін. Жас та емеспін. Анамды, қарындасымды аяймын. Есірткіні қатты қалаған кезде (ломка) отырсаң отыра алмайсың, жатсаң жата алмайсың, кірерге тесік таппай кетемін. Амал жоқ, дәрі ішіп ұйықтайсың. — Қандай қызығушылықтарыңыз бар? Өсімдік, гүлдер ұнайды. Бөлмемде бірнеше гүлім бар. Ландшафт дизайнымен айналысқым келеді. — Дәл осындай жағдайға тап болған жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Мүлдем жақындамауға кеңес беремін. Өмірлеріне балта шабады. Оның қызық ештеңесі жоқ. Қазір заман өзгерді. Жастарға қызығатын нәрсе көп. Қазіргі жастар ақылдырақ қой. Қызығушылақтары да көп. Спортпен айналысқандары дұрыс. — Сіз құдайға сенесіз бе? Қиын жағдайға тап болған адамдардың көпшілігі дінге, сенімге, құдайға бет бұрады. Дінді, исламды ұстану үшін арақты, есірткіні пайдаланбауың керек. Мен адамдарға сенбеймін. Бүгін намаз оқып, ертең көрсең арақ ішіп отырады. Ондайлардың талайын көрдім. Мен жеке басым атеистпін. Өзіме ғана, өз күшіме ғана сенемін. Анам қажыға барған кісі. Маған діни кітаптар береді. Бірақ олар маған қызық емес. Сенбеймін. Мүмкін сенімге әлі дайын емес шығармын. — Шаршаған жоқсыз ба? Әрине, шаршадым. Бірақ өз өзіңді ұстау үшін ерік-жігер керек. Әлсізбін... f Ⓒqamshy.kz Алматы қалалық наркологиялық медициналық әлеуметтік түзету орталығының №8 бөлімнің меңгерушісі Данияр Сапарұлы 12 жылдан бері нашақорларды, маскүнемдерді емдейді. Тәжірибелі маман есірткіге тәуелді емделушілердің көп жағдайда дерттерін асқындырып келетінін айтады, себебі олар өздерінің дертке шалдыққанын мойындамайды. Есірткіні тұтынған адамның психикасында ауытқулар болады. Науқастарды емдеу кезінде олардың өз дерттерінің зардабын түсінбеуі-олармен жұмыс істеуді қиындатады. Емдеу кезінде тәуелділік дертінің адам ағзасын, санасын билеп-төстейтін, оның шырмауынан құтылатын бір ғана жолы – ем қабылдау екенін айтып түсіндіреміз. Кеңес береміз. Мысалы, басқа дәрігерлерге науқас өзі көмек іздеп келуге қауқарлы. Емделуші өзі талпынады, өзі ізденеді. Ал есірткіге әуес адам ешқандай ем қабылдаудың қажеті жоқ деп есептейді. Сондықтан дәрігер-наркологтар үшін науқасқа дертке шалдыққанын түсіндіру, оны емдеу керек екенін жеткізу қиын, — дейді маман. — Абстиненттік синдром (ломка) кезінде нашақорларды қалай тыныштандырасыздар? Абстиненттік синдром кезінде (ломка) наркологиялық емдеу стандарттарына сәйкес науқасқа өзіне керекті емді көрсетеміз. Оны дәрілердің көмегімен осы жағдайдан шығара аламыз. Жалпы, нашақорлық дерті екі деңгейден тұрады: психикалық және физикалық тәуелділік. Жоғарыда айтылып отырған «ломка» физикалық тәуелділіктің белгісі. Бұл жағдайда дәрілердің көмегімен стандартта көрсетілген ем арқылы көмек көрсете аламыз, ал психикалық тәуелділік, қарапайым тілмен айтқанда, есірткіге әуестік ұзақ уақыт бойы емдеуді талап ететін патологиялық жағдай. — Емделуге қанша уақыт керек? Физикалық тәуелділіктен орташа есеппен 7-14 күнде айығуға болады. Ал психикалық тәуелділік, яғни патологиялық әуестік ұзаққа созылатын процесс және одан айығу үшін жылдар қажет. Жүйелі түрде, толыққанды және үздіксіз ем қабылдаса ғана нәтижеге жетуге болады. Дерттен айығу үшін науқас біріншіден, өзінің ауруға шалдыққанын мойындау қажет, екіншіден емделемін деген ниеті мен қалауы болуы тиіс. Мәселен, көп жағдайда нашақорларды ем қабылдауға туысқандары жіберіп жатады. Науқастың құлан-таза айығып кетуіне жәрдемдесетін оның өзі екенін ескеру керек. Орталықта дәрігер-наркологтар, психологтар бірге емделушіні дерттен айығуы үшін көптеген ем-шаралар жүргізеді. Ем бірнеше бөлімнен тұрады: абстиненттік сндромнан 7-14 күнде айығуға болса, ал психикалық тәуелділікті емдеу үшін, патологиялық әуестікті жою үшін бірнеше сатыдан тұратын емді қабылдау керек. Яғни, реабилитациялық, амбулаторлық терапия (оның ішіне психологиялық, психотерапевтік емдер кіреді) қабылдауы керек. Бұл ем — айлап, жылдап жүргізілуі мүмкін. — Осы уақыт аралығында нашақорлықтан бір жолата жазылып кеткендер болды ма? Әрине. Орталықта мәжбүрлі түрде емделіп, дәрігер-наркологтар мен психологтардың ем-домын жүйелі, кешенді түрде қабылдаған науқастар тәуелділік тұзағынан құтылады. Нәтижеге қол жеткізеді. Есірткіні тұтынудан бас тартқан емделушілер де бар. Орталықтан шыққаннан кейін емделушінің туыстары да оның құлан-таза айығып кетуіне көмектесуі керек. Өкінішке қарай, олар нашақорлыққа құмарлықтан бірден және тез жазылып кеткенін қалайды. Сондықтан орталықта аптасына бір рет қоғамдық ұйымдар, орталықтың психологтары емделушінің туысқандарымен түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Дәрігерлердің көмегі , туыстарының қолдауы және емделушінің ерік-жігері болған жағдайда тәуелділік кеселін жеңуге мүмкіндік бар. — Орталыққа бірнеше мәрте түскендер болды ма? Науқас айығып кетуі үшін өз-өзіне көмектеспей, толық емделуден бас тартса, емдеу процес бұзылады. Осы орайда нашақордың ескі әдетіне салынып, есірткіні қайта қабылдап кетуі мүмкін. — Емделіп жатқандардың дені қаншада? Жастар да бар, орта жастағы адамдар да бар. Ер адамдар көбірек әйелдерге қарағанда. — Қандай белгілер бойынша ата-ана баласының есірткіге салынғанын аңғара алады? Әрине, нақты жауап беру қиын. Алайда, кез келген ата-ана баласының бала кезден қандай екенін, мінез-құлқын біледі. Мінез-құлқының, жүріс тұрысының күрт өзгеріп кетуі мен агрессияның пайда болуы, баласының өзіне тән емес мінез көрсетуі сияқты белгілер болса күдіктенуге, күмәндануға болады. Нашақорлық дертінің алғашқы белгілерінің бірі — адамның өзін-өзі ұстауы мен жүріс–тұрысы өзгереді. Оны бірден байқау қиын. Осындай өзгерістерді байқаған ата-ана өз баласын нарколог дәрігердің қабылдауына әкелуіне болады. Біздің орталық емханасында жасөспірімдерді емдейтін нарколог дәрігерлер жұмыс істейді. Олар нашақорлық пен маскүнемдік дертінің алдын-алу мақсатында мектептер мен колледждерде жасөспірімдер арасында жағымсыз әдеттерден аулақ болуды насихаттайтын семинар–тренингтер өткізеді. Ата-аналар мен ұстаздар да осындай жиындарға қатысады. — Қалалық наркологиялық медициналық әлеуметтік түзету орталығында кімдер емделе алады? Алматы қаласының барлық тұрғындары тегін емделе алады. — Өз еркімен келіп емделушілер бар ма? Әрине, орталығымызға көбінесе науқастар өз еркімен келіп емделіп жатады. Алайда өз еркінен тыс мәжбүрлі түрде ем қабылдайтындар да жеткілікті. Мәжбүрлі түрде емдеу нашақорлық дертіне шалдыққан науқас өз бетімен емделгісі келмесе, өз бойындағы дерттің бар екенін мойындамаса, түсінбесе, жанұясында бұзақылық жасап, мазалаған жағдайда туыстары полиция қызметкерлеріне шағым жазады. Кейін ол шағымды сот қарайды. Бұған әрине нарколог-дәрігерлер қатысады. Соттың шешімімен сонда көрсетілген мерзім бойынша науқас мәжбүрлі түрде орталықта емделеді. — Емделіп шыққан науқастармен кері байланыс орнатасыздар ма? Орталықта емделушілермен нарколог дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығы Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің мақсатымыз — науқастың емделуіне жағдай жасау ғана емес, оның туыстары мен жақындарына науқаспен дұрыс қарым-қатынасты жақсартуына ықпал ету, соны түсіндіру. Нашақор адамның дертінен айығуына, өзін жақсы сезінуіне әсер ететін бірден-бір фактор — қасындағы адамдардың оған деген қарым-қатынасы. Науқастармен бірнеше жылдар бойы үздіксіз қарым - қатынаста боламыз. Әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі. Тәуелділік атаулысының барлығы да - қауіпті әрі қорқынышты. Маманның айтуынша, нашақорлыққа тәуелділікті жеңу үшін күш-жігер қажет. Біздің кейіпкеріміздің бұл дертті жеңуге күш жігері, сенімі жетер ме екен? Қоштасарда: «Жазылып кетіңіз! Жазылып кететініңізге сеніңіз дедім». Тырысамын деп қояды... Алайда, мен оның көздерінен өміріне деген өкінішті де, болашаққа деген үміт ұшқынын да байқамадым.. Назерке МҰСА