Алматыда бұрын-соңды болмаған жаңалық. Бүгін Қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығында жаттығу залы жұмысын бастады.
Жаттығу залының ерекшелігі бірнеше ойын құралдарын емделушілердің өздері құрастырып жасаған. Орталық әкімшілігі мәжбүрлі түрде емдеу бөліміндегі науқастарды қажетті темір-терсектермен және бөлшектермен қамтамасыз етіп, олар жаттығу залына қажетті құралдарды бір кісідей жасап шықты. Бұған қоса орталық әкімшілігі жүгіруге арналған құрал, айна, галтель және басқа да заттарды сатып алып қолдау көрсеткен.
Бүгін Медеу ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Айдос Асқарұлы және ҚР самбо бойынша еңбегі сіңген жаттықтырушысы ,Құрмет орденінің иегері Омар Исаханов лента қиып, салтанатты түрде жаттығу залының есігін ашық деп жариялады.
Ал емделушілер мәз-мейрам. Олар қонақтарға өздері жасаған бұйымдарды қалай жасағанын әңгімелеп, бірнеше жаттығуларды көрсетті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылған жаттығу залында мәжбүрлі түрде емделушілер таңертеңнен кешкі сағат 5-ке дейін ,ал орталық қызметкерлері кешке жұмыстан кейін спортпен шұғылданады.
Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменованың айтуынша спорт емделушілерді жағымсыз әдеттен арылуға, салауатты өмірге құлшынысын арттырады.
-Орталықта мәжбүрлі түрде емделушілерді әлеуметтік ортағы бейімдеу мақсатында нарколог дәрігерлер ,психолог,психотерапевтер жұмылып жүзеге асыратын ем-шараның бірі еңбек терапиясы . Бұл ем-шараның алкогольді сусыннан,есірткі заттарына тәуелділіктен айығуға пайдасы бар. Әлеуметтік ортадан оқшауланып қалған емделушілерімізді қолөнердің қыр-сырын меңгереді. Бұған дейін түрлі кеме, кітап, ыдыстар , нар ойыны тақтасын жасаған болса, енді жаттығу залына қажетті құралдарды жасап шықты. Әрбір отбасында спортты серік етіп, салауатты өмір салтын қалыптастырсақ, жастар жағымсыз әдеттен аулақ болар еді деп ойлаймын,-дейді бас дәрігер Гүлсара Сүлейменова .
Наркологиялық орталықта жаттығу залының жаттықтырушысы да мәжбүрлі түрде емделуші жігіт. Ол спортпен айналысуға келген қыз-жігіттерге қызмет көрсетуге дайын.
Сонымен бірге Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еңбегі еленіп, міндетін кіршіксіз атқарған медицина қызметкерлері, шаруашылық мамандары және жаттығу залын ашуға атсалысқан емделушілер марапатталды.
Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығының баспасөз хатшысы.