Алматы қаласындағы наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығының маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделушілер бөліміндегі емделушілер өздеріне тосын сый жасады. Тосын сый болғанда қандай дейсіз ғой, олар өз қолдарымен жасалған спорттық құрал жабдықтардан құралған жаттығу залын ашты.
Бұл орталықта жүргізілетін еңбек терапиясының нәтижесі, – дейді орталықтың директоры Гүлсара Сүлейменова. Наркологиялық орталықтағы спорттық жаттығу залының ашылу салтанатына Медеу ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Айдос Асқарұлы және ҚР самбо бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушысы «Құрмет» орденінің иегері Омар Исаханов қатысып, әлеуметтік ортадан қалған емделушілердің өз денсаулықтарын ойлап, жаман әдет-дағдыдан арылудың жолдарын спорттан тауып отырғандықтарына ризашылықтарын білдіріп, маскүнемдік пен нашақорлық бір отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін де үлкен әлеуметтік мәселе екендігін айта келіп, емделушілерге осы орталықтан сауығып шыққан соң да спортты жандарына серік етулеріне тілектестіктерін білдірді. Мәжбүрлеп емдеу бөлімінің емделушілері сөз кезегінде жаттығу залын ашу туралы бастаманың қалай туындағанын, құрал-жабдықтарды қалай жасағандарын айтып, бастамаларына қолдау білдіріп, қажетті заттарды сатып алып бергені үшін осы орталықтың әкімшілігіне, директоры Г.Рахметоллақызына алғыстарын білдірді. Наркология орталығында спорттық жаттығу залының ашылуы тек Алматы қаласы үшін ғана емес, басқа аймақтар үшін де айтарлықтай жаңалықтың бірі болып отыр. Маскүнемдік пен нашақорлық дертіне шалдыққан емделушілер ертеден кешке дейін төсекке танылып жатқанша, еңбек терапиясымен бірге, бір мезгіл спортпен айналысып, ойларымен қатар, бойларын да сергітетін болады. Жаттығу залының жаттықтырушысын да олар алыстан іздеген жоқ, ол да мәжбүрлі түрде емделіп жатқан азамат. Жаттығу залы таңертеңгі тоғыздан кешкі беске дейін жұмыс істейтін болады.
– Орталықтағы мәжбүрлі түрде емелушілерді әлеуеметтік ортаға бейімдеу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Оның ең бастысы – еңбекке баулу. Бұл жұмыста нарколог дәрігерлеріміздің психологтар мен психотерапевтер мен әлеуметтік қызметкерлеріміздің еңбегі зор. Бұл ем шараның емделушілерді ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен айықтыруға тигізер көмегі зор. Емделушілер әлеуметтік ортадан уақытша болса да сырттап қалғаны болмаса қолдарынан келмейтіні жоқ. Шеттерінен өнерлі. Олардың кітап оқуға деген ынтасын көрсеңіз. Осыған дейін олар нарды ойынының тақтасын да өздері жасап алған болатын. Енді міне жаттығу залын да өз қолдарынан жасалған құрал-жабдықтармен ашып отыр. Бұл орталықтың емімен қатар тәрбие бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетсе керек. Әрбір отбасында спортпен шұғылдануға көңіл бөлінсе, салауатты өмір салтын қалыптастырсақ, жастар жағымсыз әдеттен аулақ болар еді, – дейді бас дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Гүлсара Сүлейменова.
– Оталықтағы жаттығу залының ашылуының соңы Тәуелсіздік мерекесіне арналған мерекелік іс-шараға ұласып, міндетін мінсіз атқарып жүрген медицина қызметкерлері, шаруашылық мамандары және жаттығу залының ашылуына атсалысқан емделушілер марапатталып, оларға мерекелік құрмет көрсетілді.
ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ КЕЛГЕНДЕ…
Желтоқсан айы келгенде жүрегі толқып, көңіл терезесін мұң шалмайтын адам аз шығар. Сол бір оқиғаның болғанына отыз жыл толса да, оның мұңын ешкім ұмытқан емес. Қазақ жастарының қайсарлығы мен батылдығының арқасында көп ұзамай еліміздің Тәуелсіз туы желбіреді. Еліміздің Тәуелсіздік күнінің де 16- желтоқсанда тойлануына негіз болған сол Желтоқсан оқиғасы. Тәуелсіздік күні қарсаңында Желтоқсан көтерілісіне қатысып, өздерінің ерліктерін танытқан азаматтарымызға құрмет көрсету де отыз бір жылдан бері дәстүрімізге енген іс-шаралардың бірі. Міне, осындай мерекелік іс-шараны қаламыздағы №8 емханада да болып өтті. Емхана қызметкерлері емдеу мекемесінде есепте тұратын желтоқсаншы азаматтарға арнап Ашық есік күнін ұйымдастырып, олармен кездесу өткізді. Кездесуде Тілеген Ғабдушев сөз алып, оқиғаның қалай болғанын және ондағы өз замандастарының ерлігі жайында әңгімелеп берді. Желтоқсан көтерілісі туралы бес кинофильмнен үзінді көрсетіліп, емхана қызметкерлері өздерінің орындауларындағы ән-күйден шашу шашты. Желтоқсан оқиғасының қаһармандары емхананың хируругі Б.Төлемісов орындағы қазақ күйлерінің папуриін, жалпы дәрігерлік бөлімнің мейірбикесі Ж.Төлемісова орындаған әндерге ризашылықпен қол соқты. Кездесуге қатысқан желтоқсаншыларды емхананың бас дәрігері Ф.Ағыбаева құттықтап ақ желеңді №8 емхананың ақ желеңді абзал жандарының атынан қайсарлық пен ерліктің символы саналатын қалампыр гүлін сыйлады. Сол күн ұмытылмайды дейді елінің намысын ту етіп алаңға алып шыққан Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ ttp://almaty-akshamy.kz/wp-content/uploads/2017/12/8емхана-41x55.jpg 41w, http://almaty-akshamy.kz/wp-content/uploads/2017/12/8емхана.jpg