ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Президентінің Жолдауы
ҚР Президентінің Ресми сайты
Қазақстан-2050 Мәңгілік Ел

9565.jpg

 

Есірткі заттарына құмарлықтан қалай құтылуға болады? Тәуелділіктен шығар жол бар ма? Жақынын дерт шырмауынан арашалау үшін  дауа іздеген  ата-ананы да мазалайтыны осы сұрақ. Бұрын героин, марихуана деген есірткі түрлерін естіген болсақ, қазіргі кезде спайс, темекі қоспалары, кристалл, JWH секілді аса қауіпті синтетикалық есірткі заттар пайда болды. Есірткіге тәуелді тұрғындар емделетін Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменовадан  алып шаһардағы наркологиялық ахуал жайын сұраған едік.

     -Гүлсара Ракиметтолақызы, жасөспірімдерді, жастарды есірткі немесе психотропты заттарды тұтынуға не итермелейді?

— Жалпы айтқанда жасөспірімдердің есірткі немесе психотропты заттарға әуестенуінің себептері әртүрлі. Бірі жеке басындағы немесе отбасындағы мәселелерді ұмыту мақсатында, енді бірі еріккеннен, тағы бірі қызығушылықтан есірткінің дәмін татып көргісі келеді. Орталықта емделіп жатқандардың басым бөлігі есірткінің дәмін алғаш 14-18 жасында көргендерін айтады. Осымен тоқтай салса жақсы ғой. Кейбір жасөспірімдерде есірткіден алған алғашқы әсерді қайталауға деген қызығушылық пайда болады. Сөйтіп әшейін қызығушылықтың соңы психикалық тәуелділікке ұласады. Өкініштісі сол, тұтынушылардың барлығы есірткі, психотропты заттардың көмегімен проблемаларды ұмытамын деп үміттенеді. Ал, уақытша мастанумен мәселе шешілмейді. Сосын өзін жұбатқан жандар қолдағы барын есірткі саудалаушылардың алақанына салады да отырады.

Емделуге келген жастардан байқайтынымыз, олардың бәрі «осы соңғы мәрте» деп өзіне уәде беріп, тас түйін бекінгенімен, есірткіден құтыла алмайды. Олардың есіл-дерті – есірткі. Кеселге қанша жерден тәуелді екенін мойындағысы  келмегенмен, біз білетін шындық осы. Есірткі заттарының зардаптарын біле тұра нашақор одан бас тартуға қауқарсыз. Нәтижесінде оның ағзасында абстиненттік синдром пайда болады.  Көпшілік оны «ломка» деп атайды. Егер нашақор есірткі заттарын пайдаланбаса буындары, сүйектері  сырқырайды, мінез-құлқы өзгереді, тәбеті де жоғалады.  Ескеретін жәйт, мұндай науқастарды дәрігер наркологтың көмегінсіз үй жағдайында емдеу өте қауіпті. Сондықтан, жақындарынан есірткіге тәуелділікті байқаған, оның қиналғанын көргендер бірден орталықтың кәсіби, білікті дәрігерлерінің медициналық көмегіне жүгінгені жөн.

— Орталықта қандай медициналық көмектер көрсетіледі?

— Орталыққа келген емделушінің ағзасы дәрі-дәрмектердің көмегімен есірткі немесе улы заттардан тазартылып, психологтармен бірге кешенді түрде медициналық көмек көрсетіледі.  Бұған қоса емделушінің  иммунитетін  қалпына келтіретін медициналық препараттар егіледі. Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығы мамандары бір-екі апта бойы науқастың физикалық жағдайын қалпына келтіреді. Әрі қарай  нарколог дәрігерлер, психологтар мен психотерапевтер жұмылып, кешенді ем-шара жүргізеді. Әрине, ең бастысы, емделушінің есірткіден бас тартамын деген  құлшынысы болу керек,  туысқандары да оған психологиялық демеуге, қолдауға дайын тұрғаны жөн.

—  Емделушілердің отбасына, әлеуметтік ортаға бейімделуі үшін қандай шаралар жүргізіледі?

-Есірткіге тәуелді адамның нашақорлық дертінен емделу үшін орталыққа келуін тәуелділіктен арылуға жасаған алғашқы, мақсатты қадамы деп санаймыз. Оның дерттен айықсам деген шешімі нарколог дәрігерлер, психотерапевтер тағайындайтын кешенді емдеу шараларын ыждағаттылықпен орындауға талпыныс жасауға септігін тигізеді.  Орталықта психологиялық зертхана жұмыс істейді.  Психологтар емделушілермен  күн сайын әңгімелесу, еңбек, сурет, музыка терапиясы секілді ем-шара өткізеді. Өз ортасынан оқшауланып, еңбек ету қабілетінен айырылған, осы уақытқа дейін есірткінің құлына айналған адамға өз бойындағы тәуелділікпен күресу, психологиялық ем-шараны қабылдау оңайға соқпайды. Сондықтан науқастың  ата-анасы, әйеліне арналған аптасына бір рет психологиялық семинар, тренингтер ұйымдастырылады.

— Соңғы уақытта жиі айтылатын психобелсенді заттар қауіпті ме?

— Әрине, спайс, темекі қоспалары, кристалл, JWH секілді аса қауіпті синтетикалық есірткі заттардан уланған жастар орталыққа жиі түседі. Синтетикалық, химиялық қоспалардан құралған есірткі заттардың формуласы жиі өзгереді және мың жарымнан астам түрі бар. Темекі қоспалары кәдімгі шөптерден жасалғанымен құрамында синтетикалық есірткі бар. Бірден жүйкеге әсер етеді, адам түсініксіз сөйлейді, елестермен алысады. Белгісіз дауыстарды естіп, сандырақтайды. Қысқасы, оны тұтынған адам 3-6 сағатқа дейін өзінің не істегенін білмейді. Ағзасында қан айналымы күшейіп, бауырдың қабынуы, бүйрек  қызметінің тежелуі мүмкін.

  -Алматыда есірткіге әуес қанша адам наркологиялық есепте тұр?

-Қала бойынша наркологиялық есепте 2 мыңдай есірткі пайдаланушы есепте тұр. Бірақ олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, тәуіп-бақсыларды аралап жүргендер де бар. Ел естімесін деп, ұл-қызын жекеменшік клиникаларда емдейтіндер де кездеседі. Тоқ етерін айтқанда, қала бойынша көрсеткіш туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, соңғы 10 жылда көрсеткіш екі есе төмендеді. Мұны қала бойынша мектептер, колледждерде және жоғары оқу орындарында алдын-алу мақсатында нарколог дәрігерлер өткізген семинарлар, түрлі спорттық шаралардың, ақпараттандыру жұмыстарының  нәтижесі деуге болады.

-Баланың есірткі тұтынғанын қалай байқауға болады? Ата-аналарға қандай кеңестер айтасыз?

-Жасөспірімнің есірткі тұтынғанын, әрине, оның мінез-құлқының өзгеруінен байқауға болады. Ол ашуланшақ, күйгелек, ызақор, түрлі сылтау айтқыш болып кетеді. Білім алуға құлшынысы нашарлайды. Оның тәбеті күшейіп немесе ас жеуге зауқы болмайды. Баланың бойынан өзгерісті байқаған жағдайда ата-ана шұғыл мамандардың көмегіне жүгінуі керек.  Нашақорлық дерті әрбір отбасы үшін үлкен қасірет. Ол тоқтаусыз емді қажет етеді. Сонымен  бірге өз балаларыңыздың ең сенімді досы, ақылшысы болып, сізді үлгі тұтатындай жағдай жасаңыз. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты серік етіңіз.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Перизат Омарова.