Елімізде төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарға үйден шығуға тыйым салынды. Әлем халқын әбігерге салған коронавирустың таралуын тежеу мақсатында сақтық шаралары ұйымдастырылып, карантин жарияланды. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы тәулік бойы жұмыс істеді. Орталық мамандары төрт қабырғаға қамалып, күйзеліске ұшыраған, ішімдікті ермек етіп, отбасының мазасын алған қала тұрғындары үздіксіз кеңес беріп, медициналық көмек көрсетті. Карантин кезінде алкогольге әуес бикештерден мезі болған туысқандары орталық қызметіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Психикалық сауықтыру орталығының нарколог дәрігері Сәния Кеңесбекова қыз-келіншектердің тағдырын талқандаған маскүнемдік жайынды сұхбаттасқан едік.
-Сәния Кеңесбекқызы , карантин тұсында қанша әйел орталықтың қызметіне жүгінді?
-Карантин уақытында әйелдер бөліміне 50 емделуші түсті. Оның 42-сін маскүнемдіктен, 8 –і нашақорлықтан емдеп жатырмыз. Енді сол 50 адамның 14-і бірінші рет наркологиялық есепке алынды. Ал 14 әйелдің 7-еуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Оның 4-еуі психозы асқынып, шұғыл медициналық көмектер көрсетілді. –Психозды ел аузында « белая горячка» дейді. Көп уақыт ішкен адамда алдымен ұйқысыздық басталады. Қорқыныш сезімдер, елестер пайда болады. Басынан жарақат алған адамда немесе кәріліктен ағзасы әлсіз, кейде науқастың соматикалық жағдайы әсер етеді. Енді біреудің психозы он күннен , кейде 20 күн немесе бір айдан кейін пайда болуы мүмкін. Оны нақты айта алмаймыз. Себебі, адамның денсаулығына байланысты.
-Алматыда наркологиялық есепке тіркелген тұрғындар саны қанша?
-Жалпы шаһарда 6212 тұрғын наркологиялық есепте тұрады. Оның 1200-ден астамы әйелдер. Маскүнемдікке салынып , дәрігерлердің бақылауына алынған 4656 тұрғынның 1048 қыз келіншектер. Олардың жасы іртүрлі. Карантин кезінде орталыққа жатқызылған 50 емделушінің ең жасы 28 , ал үлкені 77 жастағы қария.
-Карантин кезінде бала-шағасымен шүйіркелесіп отыратын аналарға отбасының шырқын бұзып, спирттік сусындарды ішуге не итермелеген?
- Араққа құмар адамның айтатын уәжі , себебі әртүрлі. Көбінесе олар үйдегі ұрыс- керіске шыдамай ерегісіп іштім деп сылтау айтады. Әйтеуір түрлі түйіткілді айтып, проблемаларға шағымданып ақталады. Кейде күйеуіме қырсығып іштім дейді. Себеп әртүрлі. Нақты сол емделушіні мазалаған проблеманы қазбалап, терең үңілсек, оның бәрі өтірік болып шығады. Мен ішпес едім ,баламмен, күйеуіммен ұрыстым деп өзін-өзі ақтауға әбден машықтанып алған. Өкінішке қарай тәуелділікті емдеу өте қиын. Себебі бірде-бір әйел өзін маскүнемге теңемейді. Олар «маскүнем көшеде құлап жатқан, үй-күйсіз жүрген адам» деп ойлайды. Сіз маскүнем екеніңізді неге мойындамайсыз десем, мен ішімдіктен бас тарта аламын дейді. Біреуі бір жеті, біреуі он күн аузына алмайтын шығар. Сол әйелдердің өздерінің әрекетіне сын көзқарасты жоғалтып алуы қауіпті. Алкогольге тәуелділіктің тұзағына шырмалып жатқанын тыңдап, әрекет жасаудан бас тартады.
-Осы тәуелділік, араққа құмарлықтың белгісін қалай байқауға болады?
-Құмарлықтың бір белгісі мінезіндегі ашуланшақтық. Үйдегі күйеуі,баласы, шешесімен ұрыс-керісті бастап, нәтижесінде ұрыстың кесірінене іштім деп өзін ақтайды. Эмоциональдық тұрғыдан алатын болсақ , әйел адамдар тез ашулануға бой беруі мүмкін, жылап жібереді. Сосын сол эмоцияны тұншықтыру үшін ащы суды татып алады. Жалпы әйелді де, еркекті де тәуелділіктің кез-келген түрінен емдеу қиын. Оңай болса, осынша адам бізде есепте тұрмайтын еді. Себебі, ішімдік күнде сатылады. Оған әуес адам бойындағы құмарлықты бағындыра алмай қалады. Өзін-өзін қоярға жер таппай , өзі іздеп түрады.
-Қандай кеңес бересіз?
-Біздің науқастар кішкентай ішемін , бір ұрттаймын деген әңгімені айтпау керек. Ондай ойдан аулақ болуы керек. Олар мүлдем ішпеймін деген көзқарас, ұстаным қалыптастырған жөн. Себебі олар бұрынғыдай 100 грам ішім тоқтай алмайды. Аузына түссе ,әрі қарай құмарлығы арта түседі. Өздерінің эмоциональдық мінез-құлқын салауатты өмір салтымен алмастыруға кеңес беремін. Маскүнемдік терең шыңырау сияқты. Одан құлан таза айығу үшін көп уақыт , төзімділік керек.
-Карантинде түскен әйелдердің отбасы, бала-шағасы бар ма?
-Бар. Жедел жәрдем, емдеуге бәрін туысқандары алып келеді ғой. Туысқандары полиция қызметкерлерін шақырады.
-Тәуелділіктен құтқару үшін дәрігерлердің ем-домы жеткілікті ме? Әлде туысқандарының демеуі қажет пе?
-Біріншіден туыстарының демеуі ауадай қажет. Екіншіден бұлар орталықтан шыққаннан кейін туыстары маскүнемдікті бронхитке теңеді. Антибиотик немесе басқа дәрімен емдеп , құлан таза айықтыратын кесел емес қой. Бұл аурудың айырмашылығы жеке тұлғамен үздіксіз жұмыс жасау керек. Психологтар, психиатрлар , отбасылық психолог емделушінің санасын улаған , бойын билеген алкогольден арылуға, ұмытуға, бас тартуға, жирендіруге, оның ағзасына қауіпті екенін түсіндіруге жұмылып жұмыс істейді. Ауқымды және ұзаққа созылған психотерапиядан өткенде ғана маскүнемнің өзіне деген көзқарасын өзгертеді. Сынды түсініп, ойлануға санасында серпіліс пайда болады. Ол өзіне сынмен қарап, есеп бермей одан ешнәрсе өзгермейді. Біздің орталықта науқас он күн емделеді. Одан әрі қарай оңалту бөлімшесіне міндетті түрде бару керек. Ол жақта психологтар, психотерапевтер , еріктілер жұмыс істейді. Құмарлық оянғанда олар бірінші орында бөтелкеге емес, психотерапевтерге жүгіру керек . Өкінішке қарай олар олай істемейді ғой. Олар үйдің маңындағы дүкенге жүгіреді.
-Сәния Кеңесбекқызы , сұхбатыңызға рақмет. Оқырмандар кеңесіңізді оқып, ой түйіп, игіліне жаратар деп үміттенемін.
Сұхбатты әзірлеген Алматы қалалық психикалық
сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы
Жазира Бегалы.