ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Президентінің Жолдауы
ҚР Президентінің Ресми сайты
Қазақстан-2050 Мәңгілік Ел

17 - Маусым, 2020 ж 69 0

Өмірде ақ пен қара қатар жүреді дейді пәлсапашылар. Мүмкін… Бізге салса адамзат баласының тек күндей жарқырап, айналасына нұрын төгіп, шуақ шашқанын қалайсың…

Қоғамдық көліктен Сүйінбайдың бойынан түсіп, Райымбек даңғылына қарай жете берген тұста алдымнан бет-аузы көгала қойдай көкпеңбек қаракөз келіншек шыға келді. Шошып кеттім… Масаң екен. Аяғы-аяғына жұқпай, тездетіп басып, теңселіп, белгісіз жаққа асығып барады. Қаңғыбасқа келе ме… Жо-оқ, әзірге оған жете қоймаған, бірақ бағыты сол жақ сияқты ма, қалай?..

Бірер ай бұрын Торайғыров пен Мұстафин көшелерінің аялдамасында қолында бір литр сұйық майы бар келіншектің өткен-кеткеннен 100 теңге сұрап тұрғанын байқап, «жүз грамдатып алыпты, үйіне аман-есен жетсе екен» деп тілеген едім. Араға 2-3 күн салып, әлгі келіншектің біздің ықшамауданның тұрғыны екенін білдім.

Жасы 70-80, бәлкім, 60-65-ке таяған кейуананың мазасызданып, әлгі әйелді жетектеп бара жатқанын көз шалып қалды. Осы көрініс бірнеше рет қайталанды. Жақында екеуі бірге тәлтіректеп жүргенін көріп, өмірдің қаталдығына қатты налыдым. Көршілердің айтуынша, әлгі келіншектің жап-жақсы күйеуі болыпты, мектеп жасындағы үш баласы бар көрінеді. Күйеуі тастап кеткеннен кейін ішкілікке салынған тәрізді немесе ащы суға үйір болғандықтан отағасы тастап, басқа отбасына кеткен. Ал әлгі жасы келген кейуана анасы емес, әпкесі дейді білетіндер. Демек, мектеп жасындағы үш бала бұлардың қарауында. Оны ойласаңыз, жүрек сыздап қоя береді…

Карантин кезінде Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына ішімдікке әуестеніп, отбасының берекесін алған 50 әйел жеткізілген. Оның 42-сі маскүнемдіктен, 8-і нашақорлықтан емделіп жатқаны белгілі болды.

Орталықтың нарколог дәрігері Сәния Кеңесбекова ішімдікті көп уақыт пайдаланған адамда алдымен ұйқысыздық басталып, бойын қорқыныш сезімі билеп, елес пайда болатынын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің кейбірі күйеуіме, балама, шешеме қырсығып іштім десе, енді бірі өзінің маскүнем екенін мойындамай, «маскүнем көшеде құлап жатқан, үй-күйсіз жүрген адам» деп ойлайтынын тілге тиек етіп, адам бойындағы құмарлықты бағындыра алмай, өзін-өзі қоярға жер таппай, ақыры «кішкентай ішемін, бір ұрттаймын» деген жалған намыспен жүріп, құмарлығының арта түскенін байқамай қалады. Күйзеліске түсіп, тез ашуланатын, оны уақытша болса да ащы сумен басқысы келетіндерге ең алдымен туыстарының қолдауы қажет. Сонымен қатар психолог, психиатр, отбасылық психологтардың көмегіне жүгіну артық етпейді.

Cpzalmaty.kz сайтының ақпаратында Алматы қаласында 6212 тұрғын наркологиялық есепте тұратыны, оның 1200-ден астамы әйел екені көрсетілген. Маскүнемдікке салынып, дәрігерлердің бақылауына алынған 4656 тұрғынның 1048-і қыз-келіншектер екені қынжылтады.

Бұл мәселенің тамыры тереңде жатқандай. Соңғы жағдайларға жете мән берсек, елімізде аналарға тегін көмек көрсететін, 24 сағат бойы жұмыс істейтін психологиялық көмек көрсету орталығын ашу өте маңызды. Қалай болғанда да, дәл қазіргі уақытта бізге жоғарының нұсқауымен жиын-басқосу өткізгеннен гөрі, бір ананы болсын жан күйзелісінен алып шықсақ, бір отбасының түтіні түзу шығары хақ. Қайткен күнде де, біз аналарымызды жауынды күннен, қауіп-қатерден қорғап қалуымыз керек.

…Түн ішінде жылаған әйелдің тұншыққан даусы құлақ түбінен кетер емес… Кім болса да жан дүниесі тазаланып, іштегі мұң-шері сол көз жасымен жуылып, жүрегі тыныштық тауып, атқан таңды ақ үмітпен қарсы алса екен… Ақ пен қарасы айқасқан өмірде бір-бірімізге жылылық сыйлап жүрейікші, сүйіспеншілік пен махаббат қана адамзат баласын бар ауыртпалықтан құтқармақ.

Бағдагүл Балаубаева

«Ana tili».

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=57576

 
 
aiel.jpg
 
 
Елімізде әйелдердің отбасын, бала-шағасын тастап, көше кезіп кеткен оқиғалар жиіледі. Бұл психикалық дерт пе? Жұбайлардың одағын сақтапқалуға бола ма? Ерлі-зайыптылар  психологтардың көмегіне неге жүгінбейді? 
 
 
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев сұхбат берді.  Журналист Жазира Бегалы YouTube арнасында біздің орталықтың мамандарымен сұхбат ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

WhatsApp Image 2020-05-26 at 17.07.00.jpeg
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарға үйден шығуға тыйым салынды. Әлем халқын әбігерге салған коронавирустың таралуын тежеу мақсатында сақтық шаралары ұйымдастырылып, карантин жарияланды. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы тәулік бойы жұмыс істеді. Орталық мамандары төрт қабырғаға қамалып, күйзеліске ұшыраған, ішімдікті ермек етіп, отбасының мазасын алған қала тұрғындары үздіксіз кеңес беріп, медициналық көмек көрсетті. Карантин кезінде алкогольге әуес бикештерден мезі болған туысқандары орталық қызметіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Психикалық сауықтыру орталығының нарколог дәрігері Сәния Кеңесбекова қыз-келіншектердің тағдырын талқандаған маскүнемдік жайынды сұхбаттасқан едік.

-Сәния Кеңесбекқызы , карантин тұсында қанша әйел орталықтың қызметіне жүгінді?

-Карантин уақытында әйелдер бөліміне 50 емделуші түсті. Оның 42-сін маскүнемдіктен, 8 –і нашақорлықтан емдеп жатырмыз. Енді сол 50 адамның 14-і бірінші рет наркологиялық есепке алынды. Ал 14 әйелдің 7-еуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Оның 4-еуі психозы асқынып, шұғыл медициналық көмектер көрсетілді. –Психозды ел аузында « белая горячка» дейді. Көп уақыт ішкен адамда алдымен ұйқысыздық басталады. Қорқыныш сезімдер, елестер пайда болады. Басынан жарақат алған адамда немесе кәріліктен ағзасы әлсіз, кейде науқастың соматикалық жағдайы әсер етеді. Енді біреудің психозы он күннен , кейде 20 күн немесе бір айдан кейін пайда болуы мүмкін. Оны нақты айта алмаймыз. Себебі, адамның денсаулығына байланысты.

-Алматыда наркологиялық есепке тіркелген тұрғындар саны қанша?
-Жалпы шаһарда 6212 тұрғын наркологиялық есепте тұрады. Оның 1200-ден астамы әйелдер. Маскүнемдікке салынып , дәрігерлердің бақылауына алынған 4656 тұрғынның 1048 қыз келіншектер. Олардың жасы іртүрлі. Карантин кезінде орталыққа жатқызылған 50 емделушінің ең жасы 28 , ал үлкені 77 жастағы қария.
-Карантин кезінде бала-шағасымен шүйіркелесіп отыратын аналарға отбасының шырқын бұзып, спирттік сусындарды ішуге не итермелеген?
- Араққа құмар адамның айтатын уәжі , себебі әртүрлі. Көбінесе олар үйдегі ұрыс- керіске шыдамай ерегісіп іштім деп сылтау айтады. Әйтеуір түрлі түйіткілді айтып, проблемаларға шағымданып ақталады. Кейде күйеуіме қырсығып іштім дейді. Себеп әртүрлі. Нақты сол емделушіні мазалаған проблеманы қазбалап, терең үңілсек, оның бәрі өтірік болып шығады. Мен ішпес едім ,баламмен, күйеуіммен ұрыстым деп өзін-өзі ақтауға әбден машықтанып алған. Өкінішке қарай тәуелділікті емдеу өте қиын. Себебі бірде-бір әйел өзін маскүнемге теңемейді. Олар «маскүнем көшеде құлап жатқан, үй-күйсіз жүрген адам» деп ойлайды. Сіз маскүнем екеніңізді неге мойындамайсыз десем, мен ішімдіктен бас тарта аламын дейді. Біреуі бір жеті, біреуі он күн аузына алмайтын шығар. Сол әйелдердің өздерінің әрекетіне сын көзқарасты жоғалтып алуы қауіпті. Алкогольге тәуелділіктің тұзағына шырмалып жатқанын тыңдап, әрекет жасаудан бас тартады.
-Осы тәуелділік, араққа құмарлықтың белгісін қалай байқауға болады?
-Құмарлықтың бір белгісі мінезіндегі ашуланшақтық. Үйдегі күйеуі,баласы, шешесімен ұрыс-керісті бастап, нәтижесінде ұрыстың кесірінене іштім деп өзін ақтайды. Эмоциональдық тұрғыдан алатын болсақ , әйел адамдар тез ашулануға бой беруі мүмкін, жылап жібереді. Сосын сол эмоцияны тұншықтыру үшін ащы суды татып алады. Жалпы әйелді де, еркекті де тәуелділіктің кез-келген түрінен емдеу қиын. Оңай болса, осынша адам бізде есепте тұрмайтын еді. Себебі, ішімдік күнде сатылады. Оған әуес адам бойындағы құмарлықты бағындыра алмай қалады. Өзін-өзін қоярға жер таппай , өзі іздеп түрады.
-Қандай кеңес бересіз?
-Біздің науқастар кішкентай ішемін , бір ұрттаймын деген әңгімені айтпау керек. Ондай ойдан аулақ болуы керек. Олар мүлдем ішпеймін деген көзқарас, ұстаным қалыптастырған жөн. Себебі олар бұрынғыдай 100 грам ішім тоқтай алмайды. Аузына түссе ,әрі қарай құмарлығы арта түседі. Өздерінің эмоциональдық мінез-құлқын салауатты өмір салтымен алмастыруға кеңес беремін. Маскүнемдік терең шыңырау сияқты. Одан құлан таза айығу үшін көп уақыт , төзімділік керек.
-Карантинде түскен әйелдердің отбасы, бала-шағасы бар ма?
-Бар. Жедел жәрдем, емдеуге бәрін туысқандары алып келеді ғой. Туысқандары полиция қызметкерлерін шақырады.
-Тәуелділіктен құтқару үшін дәрігерлердің ем-домы жеткілікті ме? Әлде туысқандарының демеуі қажет пе?
-Біріншіден туыстарының демеуі ауадай қажет. Екіншіден бұлар орталықтан шыққаннан кейін туыстары маскүнемдікті бронхитке теңеді. Антибиотик немесе басқа дәрімен емдеп , құлан таза айықтыратын кесел емес қой. Бұл аурудың айырмашылығы жеке тұлғамен үздіксіз жұмыс жасау керек. Психологтар, психиатрлар , отбасылық психолог емделушінің санасын улаған , бойын билеген алкогольден арылуға, ұмытуға, бас тартуға, жирендіруге, оның ағзасына қауіпті екенін түсіндіруге жұмылып жұмыс істейді. Ауқымды және ұзаққа созылған психотерапиядан өткенде ғана маскүнемнің өзіне деген көзқарасын өзгертеді. Сынды түсініп, ойлануға санасында серпіліс пайда болады. Ол өзіне сынмен қарап, есеп бермей одан ешнәрсе өзгермейді. Біздің орталықта науқас он күн емделеді. Одан әрі қарай оңалту бөлімшесіне міндетті түрде бару керек. Ол жақта психологтар, психотерапевтер , еріктілер жұмыс істейді. Құмарлық оянғанда олар бірінші орында бөтелкеге емес, психотерапевтерге жүгіру керек . Өкінішке қарай олар олай істемейді ғой. Олар үйдің маңындағы дүкенге жүгіреді.
-Сәния Кеңесбекқызы , сұхбатыңызға рақмет. Оқырмандар кеңесіңізді оқып, ой түйіп, игіліне жаратар деп үміттенемін.

Сұхбатты әзірлеген Алматы қалалық психикалық
сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы
Жазира Бегалы.

WhatsApp Image 2020-04-24 at 10.49.13.jpeg

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан айында еліміздің бірлігі , ынтымағы нығайып, қайырымды , жомарт жандардың мұқтаж адамдарға көмек-жәрдемі еселеніп, жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман ұяласын!

Жасаған Иеміздің рахымы мен мейірімі тұнған айда әр шаңыраққа бақ-береке, елімізге тыныштық, мықты денсаулық тілеймін.

Ел-жұртты әбігерге салған , әлем халқын алаңдатқан індеттен аман-есен құтылып, жақсылықты ниет етейік!
Он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол айда сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер салтанат құрып, Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын берекелі айда
ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! 


Қасиетті Рамазан айында еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Төтенше жағдай кезінде қайырымдылық іс жасап, игі істер атқарып жүрген азаматтардың ізгі амалдарына , халықтың ауызбіршілігіне куә болып, қуандық.
Аман болайық, үйде болыңыз!

Алматы қалалық 2 көпсалалы клиникалық орталықтың бас дәрігері Сапар Рахменшеев.

WhatsApp Image 2020-04-22 at 13.05.00 (1).jpg

WhatsApp Image 2020-04-22 at 13.05.00.jpg


Алматы қалалық №2 көпсалалы медициналық орталықтың қызметкерлері төтенше жағдай кезінде карантинге жатқызылған тұрғындарға тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Алматылық кәсіпкерлер , қоғамдық қордың өкілдері медицина қызметкерлеріне еңбегіне алғыс айтып, оларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатыр.
Пандемия қарсы күресте тынбай еңбек етіп жүрген орталықтың 120 қызметкері жатақханада тұрады. Жақында Алматының әйгілі « Рахат» кондитерлік фабрикасы тәттілерін тарту етті. «Добровольные общество милосердия» қоғамдық қорының өкілдері отбасы мен бала-шағасынан жырақта жүрген, денсаулық сақшыларына азық-түлік , тәтті сусындар сыйлады.
«Aq jurek» тобы гигиеналық заттар, сусындармен қамтамасыз етті. Алып қаланың мейрамханасы «Кулинария на Шевченко» 40 медицина қызметкеріне ыстық түскі ас ұсынды. «Dublin pub» та өзінің дәмді тағамын тарту етіп, дәрігерлерге қамқорлық жасады.
Алматының №2 көпсалалы клиникалық орталықтың дәрігерлері қайырымды іс жасап, дәрігерлерге демеу білдірген Гаухар Қаппарова, Жания Құрманова және Нұрдәулет Ербазаров сияқты жомарт жандарға алғыс айтады.


Ізгі тілекпен
Алматы қалалық №2 көпсалалы
медициналық орталықтың ұжымы .