Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласының Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің қатысуымен брифинг өтті.
Оның айтуынша, электронды темекілер мен темекі қоспаларының құрамында сұйықтық болады, ол буланған кезде адамға қауіп тудыратын зиянды заттар түзіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Маманның айтуынша, есірткі заттарының жаңа түрлері – шылым қоспалары немесе жасырын зертханаларда алынған синтетикалық есірткілер тәуелділік пен ағзаға келтіретін зияны жағынан героиннен әлдеқашан асып түскен. Сапар Рахменшеев қазіргі темекі қоспаларының қайдан шыққаны шынымен белгісіз екенін айтты.
«Біреу мұндай қоспалардың рецептурасының негізгі саны АҚШ зертханаларында жасалған деп санайды, біреу олардың таралуына Голландия мен Ұлыбританияны кінәлайды, ал енді біреулер осындай улы заттарды жаппай жеткізіп отырған Қытай деп есептейді. Басты мәселе – есірткіні тұтынушылардың негізгі бөлігі – жастар, және оны тұтынушылар жасы барған сайын «жасарып» барады. Темекі қоспалары немесе спайстар жастар арасында жылдам тарап кетті», - деп атап өтті Психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры.
Дәрігер темекі қоспаларын сатушылар өз өнімдерін денеге мүлдем зиянсыз хош иісті зат ретінде таныстыратынын айтты. Дегенмен, оның айтуынша, темекі қоспаларының барлығында есірткілік (еліткіш) қасиеті бар, олар физикалық және психологиялық тәуелділікті тудыруы мүмкін жасанды жолмен психоактивті заттардан жасалған. Олар синтетикалық каннабиноидтер негізінде жасалады.
«Темекі шегу қоспалары миға кәдімгі каннабис (анаша) сияқты әсер етеді, тек он есе күшті. Оларды пайдаланған адам шынайы өмірмен байланысын жоғалтады, оның өзін-өзі сақтау түйсігі жиі өшіріледі, қозғалысын басқаруы бұзылады, ол түкке тұрмайтын сөздерді айтып, басқалар оны түсінбейді деген желеумен тез ашуланады. Психозға шалдығу да жиі ұшырасады», - деп жалғастырды С.Рахменшеев.
ӨКҚ спикері жастар арасында кең тараған есіркі түрлерін - JWH темекі қоспаларын атады (жастар арасындағы тілмен айтқанда, жоспар, дживик, спайс,микс, шөп, көк шөп, кітап, журнал, бошки, палыч, қатты, жұмсақ, химия, пластик,жабысқақ, шие, шоколад, түтін, т.б.)
Бұл заттарды қолданғаннан кейін энергия, эйфория, ұйқысыздық және галлюцинация пайда болуы мүмкін. Есірткінің әсері тоқтағанда, қатты алаңдаушылық, өлім қорқынышы, үрей, фобиялар пайда болады.
«Химиялық препараттар орталық жүйке жүйесінің жасушаларын тез бұзады, интеллектке, ойлауға, зейінге, есте сақтауға кері әсер етеді», - деп жалғастырды дәрігер.
"Жасөспірімнің тыйым салынған нәрсені пайдаланып жатқанын тану соншалықты қиын емес, ең бастысы, мұқият болу керек", - деп есептейді Сапар Рахменшеев. Негізгі белгілердің арасында: қозғалысын басқарудың бұзылуы, көз қарашықтарының кеңеюі, сөзінің түсініксіз болуы, эмоционалды тұрғыдан шамадан тыс қозу, терінің қызаруы немесе, керісінше, қатты бозаруы бар. Бас ауруына, бір нәрседен екінші нәрсеге күрт ауысу, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне шағымдары көбейеді.