- Подробности
- Просмотров: 177
Қоғамдық кеңес келелі мәселелерді талқылады.
Бүгін Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысы Бағжанар Мухамадиева, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі комиссиясының мүшелері және сарапшылары келді.
Психикалық денсаулық орталық директоры Сапар Рахменшеев Психиатриялық қызметтің 2023 жылғы және 2024 жылғы 8 айдағы қызметі туралы есеп берді. Сонымен бірге жиында Алматы қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында суицид , нашақорлық мәселелері талқыланып, сарапшылар алдын –алуға қатысты бірнеше ұсыныстар айтты.
-Емханалардағы психиатрларға тренинг өткізу өте маңызды шара. Сонымен бірге статистикалық мәліметтерді біріздендіру мәселесін реттеу керек. Суицид, есірткіге тәуелділікке қатысты қала бойынша статистикалық көрсеткіштерді жүйелендіру үшін қандай кедергілер бар? Қазір осы сала мамандарынан жастар белсенді тұтынатын есірткі түрін шектеу, ауруды ертерек анықтауға байланысты туындайтын түйіткілдер жайында нақты ұсыныстарыңызды айтыңыздар,- деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес комитетінің төрайымы Жанат Кәкімсейітова .
Қоғамдық кеңес мүшелері орталықтың атқарған жұмысы , медициналық қызметтің сапасы , қолжетімділігімен танысып, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицид, нашақорлықтың алдын-алуға байланысты ережелер, заң талаптарын күшейту мәселелері талқыланған басқосу пікірталасқа ұласты.
Орталық директоры еңбек терапиясы аясында науқастарды еңбекке бейімдеу жұмыстарымен таныстырды. Алып қаланың психикалық сауықтыру орталығында психикалық ауруға шалдыққандар, есірткіге, спирттік сусындарға , құмар ойынға тәуелді науқастар емделеді. Емдеу шараларымен бірге науқас қоғамның бір кірпіші болып қалану үшін тігін цехы, баспанахана , бау-бақша өнімдерін өсіру, тосап жасау , арт терапиямен шұғылданады. Қоғамдық кеңес мүшелеріне орталықтың директоры Сапар Рахменшеев биыл атқарылған іс-шаралар бойынша баяндама оқыды.
- Подробности
- Просмотров: 196
10 қыркүйек Дүниежүзілік суицидке қарсы күрес күні . Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, жыл сайын 1 миллион адам өз өміріне қол жұмсайды. Әр 45 секунд сайын жер шарының бір тұрғыны суицид жасауға оқталады. Отбасындағы ұрыс-жанжал , денсаулығының күрт нашарлауы немесе емі жоқ кеселге шалдығу, жұмыста туындаған проблемалар, психикалық ауытқу суицидке итермелейді дейді мамандар.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында психикалық кеңеске мұқтаж адамдарға психологиялық көмек алу жан-жақты ұйымдастырылған. 376-56-60, 8-708-983-2863 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ орталықтың сайтында онлайн -кеңес беру біріздендірілген. Биыл психологтар мен психиатрлардың көмегіне жүгінген 173 адам қашықтан психологиялық кеңес алды.
Алып шаһардың бірыңғай Сall-орталығымен интеграцияланған орталықтың сенім телефоны биыл 8 айда 3905 қоңырау түскен. (2023 жылы осы кезеңде– 3974). Сенім телефонына шағымданған әрбір тұрғынның шағымы елеусіз қалмайды дейді орталық директоры Сапар Рахменшеев. Психологтар хабарласқан адамның уәжі бойынша талдау жүргізіп, автодеструктивті суицидтік көңіл-күй анықталған жағдайда тіркеп, білікті психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен бірге биыл балалар психиатрлары көмекке жүгінген" тәуекел тобындағы " 208 бала мен жасөспірімге кеңес берген.
-Суицидтің алдын-алуға болады. Өзіне қол жұмсау туралы ой мазалаған немесе өмірімен қоштасуға бекінген адамды райынан қайтарудың тетігін кәсіби маман біледі . Күйзеліс шырмауында жүрген адамдар жақынына , досына шерін тарқатады, мұңын айтады. Бірақ олардың кеңесі оның суицид жасау туралы ойына әсер етпейді. Мұндай жағдайға душар болған кезде сенім телефонына хабарласып, кәсіби мамандардың көмегімен өмірін өзгерткендер бар. Біздің орталықтың есігі психологиялық көмек іздеген адамдарға әрқашан ашық. Соңғы кездері құмар ойынның құрығына ілігіп, қарызға белшеден батқан азаматтар өмірмен қоштасқым келеді деп жиі шағымданады. Әрине бұл кеселдің емі бар. Ертерек дабыл қағып, шипа іздеу керек, - дейді Сапар Рахменшеев.
Алматы қаласының психикалық сауықтыру орталығы мамандары 8 айда жасөспірімдер мен тәуекел тобындағы балалар арасында суицидтің алдын алу бойынша 125 білім беру дәріс өткізді. Жиынға 8603 адам қатысқан. Бұған қоса ішкі істер қызметкерлері, жергілікті участкелік полиция өкілдері, ата-аналар, студенттер психологтар ұйымдастырған тренингке қатысты.
- Подробности
- Просмотров: 498
Бүгін Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының қызметкерлері жұмыс күнін ерекше флешмобпен бастады. Психологтар, психиатрлар, мейірбикелер есірткінің зияны мен зардабын дәріптеп, би биледі. 26 маусым -Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні . Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1987 жылы нашақорлықтың алдын-алу, оның салдарына назар аударуға , күресуге үгіттеп, нашақорлықтан азат әлемдік қоғам құруға бағытталған күнді белгіледі.
Орталықта 54 науқас есірткі заттарына тәуелділіктен емделіп жатыр. Алып қалада 4652 тұрғын наркологиялық есепте тұр. Олардың 3483 алкогольді сусындарға , 1169 есірткі заттарына тәуелді. Сонымен бірге 940 алматылық қыз-келіншек те наркологиялық есепке ілінген. Орталық директоры Сапар Рахменшеев ата-аналарды балалардың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады.
- Өкінішке қарай синтетикалық есірткі арзан, интернет арқылы қолжетімді. Елімізде есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан бұл індетке құрық болмай тұр. Енді оның уыты героиннен екі есе күшті болуымен қауіпті. Әсіресе жастар психобелсенді заттардың дәмін бір мәрте көремін деп, өмір-бақи оған байланып қалатынын түсінбейді. Әрі қарай сол құмарлықтың құлына айналып, жұмысқа, оқуға зауқы болмайды. Үйіндегі бағалы заттарды ұрлайды, базар, дүкен тонайды, басқа да қылмысқа ұрынады. Тұтынушының денесін ғана емес, санасын да улаған есірткі қан айналымы, жүйке қызметі ,іш құрылысы, ойлау қабілетінің қызметін тежейді. Ең сорақысы оған тәуелділіктен айығу оңай емес,- дейді орталық директоры .
Бүгін мәжбүрлі түрде емдеу бөлімінде тепсе темір үзетін зіңгіттей емделушілер футболдан , армрестлингтен жарыста бақ сынады. Орталық басшылары жеңімпаздарды марапаттады. Қала тұрғындары ашық есік күнін ұйымдастырып, кәсіби мамандар кеңес берді. Сонымен бірге тәуелсіз қоғамдық ұйым өкілдері науқастарға семинар өткізіп, өздерінің осы тәуелділіктің шырмауынан қалай құтылғанын баяндап, оларға психологиялық тренинг өткізді. Бүгін орталық қызметкерлері «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында жұртшылыққа есірткінің денсаулыққа зиян, адам өмірін талқандап, болашағына балта шабатын, әр шаңыраққа қасірет әкелетін қасірет екенін насихаттап, құмарлықтан бас тартуға, аулақ болуға шақырды . Орталыққа келушілер емделушілердің шеберханада өз қолымен жасаған түрлі туындыларын көріп, таңдай қақты. Көрмеге қойылған әрбір заттың астарында автордың есірткіге елітіп, арманынан айырылып қалған ойы, мұраты менмұндалап тұрғандай.
- Подробности
- Просмотров: 223
Медицина қызметкерінің мерекесі қарсаңында Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының ең үздік мамандары марапатталды. Адам жанының арашашысы, денсаулық сақшылары дәрігер -терапевт Мамиленова Рауия "Еңбек қайраткері" медалімен , бөлім меңгерушілері Бастасова Үміт , Нестерцова Ольга, Приходько Татьяна, дәрігер-нарколог Бекенова Бағдат және аға мейірбике Бейсембиева Бақытгүл "Мамандығына адалдығы үшін" медалімен, "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісімен балалар стационарлық бөлімшесінің дәрігер-психиатры Цой Софья, ал "Үздік маман" төсбелгісімен еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері Уәлиева Айгерім марапатталды.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының еңбегі еленіп, емделушілердің алғысына бөленген психологтар, психатрлар алғыс хаттар алып, гүл шоқтары мен сыйлықтарға ие болды. Мерекелік жиында ұжымның өнерпаз жастары ән шырқады.
-Біздің қызметкерлер тәулік бойы тұрғындарға көмек көрсетеді. Сіздерге еңбектеріңіз, Гиппократ антына адалдықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Әлемде медицина , психиатрия саласында емдеу тәсілдері қарқынды даму үстінде. Кәсіби біліктілігін арттырып, халқымыздың игілігіне жұмсап жүрген өлшеусіз еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Отбасыңызға бақ-береке,- деп орталық директоры Сапар Рахменшеев көпшілікті құттықтады.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында мыңнан астам маман жұмыс істейді. Орталық тәулік бойы тұрғындарға психологиялық көмек көрсетеді.
- Подробности
- Просмотров: 356
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз!
Жыл сайын қазақстандықтар 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан да бұл күн ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Атап айтқандай, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Психикалық сауықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында қызметкерлер назарына мемлекеттік рәміздер туралы бейнеролик көрсетіліп, рәміздер туралы сұрақ-жауаптар жүргізілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Психикалық сауықтыру орталығы»-ның қызметкерлері Әнұран орындады.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған Мемлекеттік рәміздері бар Егеменді еліміздің тұғыры әрқашанда биік болсын!
Көк туымыз қалықтай берсін!